Сенаттың жаңа депутаттарын тіркеу қалай өтті

Фото:
AСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін жаңадан сайланған Парламент Сенатының депутаттары ресми тіркелді. Барлық 31 сенаторға куәлік табыс етіліп, төсбелгі тағылды. Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысын ҚазАқпарат тілшісі тарқатады.

Алдымен, Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Сенат депутаттарын тіркеу туралы қаулымен таныстырды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңның 12-бабы 10) тармақшасына, 45-бабына, 46-бабының 2-тармағына және 82-бабының 1-тармағына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді: Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде 2023 жылғы 14 қаңтарда сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары тіркелсін», - делінген қаулы мәтінінде.

Еске салайық, 14 қаңтарда Сенат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Саяси науқанның нәтижесінде әр өңірден бір депутат сайланды. Олардың тізімі жарияланған болатын.

Абай облысынан – Қайрат Тастекеев;

– Ақмола облысынан – Талғат Жүнісов;

– Ақтөбе облысынан – Амангелді Нугманов;

– Алматы облысынан – Жанболат Жөргенбаев;

– Атырау облысынан – Әлібек Нәутиев;

– Шығыс Қазақстан облысынан – Шәкәрім Бұқтұғұтов;

– Жамбыл облысынан – Сәкен Арубаев;

– Жетісу облысынан – Амангелді Толамисов;

– Батыс Қазақстан облысынан – Арман Өтеғұлов;

– Қарағанды облысынан – Серік Өтешов;

– Қостанай облысынан – Ғауез Нұрмұхамбетов;

– Қызылорда облысынан – Руслан Рүстемов;

– Маңғыстау облысынан – Бекбол Орынбасаров;

– Павлодар облысынан – Ернұр Әйткенов;

– Солтүстік Қазақстан облысынан – Гүлмира Кәрімова;

– Түркістан облысынан – Мұрат Қадырбек;

– Ұлытау облысынан – Советбек Медебаев;

– Астана қаласынан – Бибігүл Жексенбай, Андрей Лукин (шығып қалғанның орнына);

– Алматы қаласынан – Жанна Асанова;

– Шымкент қаласынан – Нұрлан Бекназаров.

Айта кетсек, күні кеше Мемлекет басшысы Сенаттың 13 депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан еді.

19 наурызда өтетін сайлаудан кейін сегізінші мәрте жасақталатын Парламент Мәжілісі құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 өкіл болмайтындығы, оларға тиесілі мандат саны 5-ке қысқарып, Сенатқа берілгені белгілі.

Осылайша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Парламенттің жоғары палатасында Ассамблея атынан өкілдік ететін депутаттар анықталды. Олар: Евгений Больгерт, Закиржан Кузиев, Нурия Ниязова, Алишер Сатвалдиев және Геннадий Шиповских.

Орталық сайлау комиссиясы Конституциялық заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес және Президенттің «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын тағайындау туралы» 2023 жылғы 24 қаңтардағы № 113 Жарлығы негізінде қаулы шығарып, оларды ресми тіркеді.

Сондай-ақ, Президент жарлығы негізінде ОСК Мәулен Әшімбаев, Нұртөре Жүсіп, Ләззат Қалтаева, Асқар Шәкіров және бұрын еліміздің Жоғарғы сотына төрағалық еткен Жақып Асановты Сенат депутаты ретінде тіркеді.

Жаңадан тағайындалған 10 сенатор кім, олар жайлы толығырақ мәліметпен мына жерден таныса аласыздар.

ОСК отырысында ресми депутат атанғандардың бірі – Андрей Лукин. 13 қаңтар күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Андрей Иванович Лукиннің өкілеттігі тоқтатылған болатын. Ол 2022 жылғы 13 қазанда Ақылбек Күрішбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты бос тұрған орынға сайланып отыр.

«2020 жылғы 12 тамызда сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының өкілеттік мерзіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып Андрей Иванович Лукин тіркелсін. Андрей Лукинге белгіленген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылсын», - делінген Орталық сайлау комиссиясының қаулысында.

Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сенаторларды жаңа қызметімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Орталық сайлау комиссиясы тіркеген сәттен бастап, сіздердің ҚР Сенаты депутаты ретіндегі өкілеттіктеріңіз басталды. Сіздер еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары болдыңыздар. Сонымен қатар, 19 наурызға тағайындалған кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауында жаңа құрам жасақталғанға дейін сіздер Сенат депутаттары ретінде Конституциялық заңдарды қабылдау бойынша міндеттерді орындайсыздар. Сіздерге сәттілік тілеймін», - деді Нұрлан Әбдіров отырыс барысында.

Сондай-ақ, ресми тіркелген Сенат депутаттарына мандаттық куәлік пен төсбелгі табысталды.

ОСК отырысынан кейін БАҚ өкілдері бірнеше депутатты әңгімеге тартқан еді.

Алдымен, тілшілер Сенат төрағасы ретіндегі орнын босатқан Мәулен Әшімбаевтан қайта тағайындалуына қатысты ойын сұрады.

«Бұл – Президенттің өкілетіндегі мәселе. Заңға сәйкес Сенат спикерінің кандидатурасын Президент ұсынады, содан кейін депутаттар дауыс береді. Соңғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды», - деп қысқа қайырды Сенат төрағасы.

Бүгін сенатор атанып, куәлік алған депутаттардың бірі – Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асанов.

«Сенат депутаты болғанымды кеше ғана білдім. Зор сенім артылып отыр. Құқық қорғау және сот жүйелеріне қатысты заң жобаларын әзірлеуде Сенатпен бірлесіп жұмыс істеп келдік. Әсіресе, Сенат депутаттарымен өткен жылдың тамыз айынан бастап тығыз жұмыс істедік. Бірқатар келісілген шешімдер қабылданды. Ендігі уақытта сот жүйесі және құқық қорғау жүйесіндегі тәжірибені, білім мен идеяларды қолданамыз», - дейді жаңа депутат Ж. Асанов тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Елордадан депутат болып сайланған Бибігүл Жексенбай Сенат қызметінде үлкен өзгерістер болып жатқанын айтты. Мәлімдеуінше, Сенат осыған дейін заң шығарып келсе, енді Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірлермен жұмысты күшейтуге мән бермек.

«Сенат депутаты болып Астана қаласынан сайланып отырмын. Қолдау танытқандарға алғыс айтамын. Оның ішінде әріптестерім, тілшілер қауымы да бар. Халық қалаулысы аманатын арқалау – зор жауапкершілік. Бұл қадамға саналы түрде бардым. 30 жылға жуық сіздер сияқты микрофон ұстап жүрдім. Елдің әлеуметтік жағдайы маған таңсық емес, хабарым бар. Халықтың мұң-мұқтажын түрлі деңгейдегі билік өкілдеріне жеткізіп жүрдік. Қазір мас-мидиа туралы заң жобасы қоғам талқысынан өтіп жатыр. Көптеген ұсыныстар айтылып, өзгерістер енгізілгелі жатыр. Аталған заң Парламент қабырғасына келгенде өз үлесімді қосып, көзқарасымды білдіремін.

Өздеріңіз білетіндей, наурызда Мәжіліс және жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауы өтеді. Демек, өңірлердегі мәслихаттардың пәрмені артады. Халық өміріне оң өзгерістер әкелетін заң жобаларын бірлесіп қарастыратын боламыз деп ойлаймын», - деді Б. Жексенбай.

Мәжілістен Сенатқа ауысқан Геннадий Шиповских депутат ретінде ұсыныстар мен пікірлерді тыңдауға дайын екенін айтып, ағынан жарылды.

«Депутат ретінде бекітілген регламентпен жұмыс істейтін боламыз. Өңірлердің мәселелеріне баса назар аударылады. Мен бұған дейін Парламент Мәжілісінің 6 және 7 шақырылымының депутаты болдым. Мәжілісте жиып-терген тәжірибемді Сенат қабырғасында жалғастырамын. Тағайындалғаныма қуаныштымын, себебі Мәжілісте бастаған шаруаларды Сенатта жалғастыру мүмкіндігі бар», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар