Сенаттағы заң жобаларын талқылауға мәслихат депутаттарын шақыру қажет - Т.Мұқашев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаттағы заң жобаларын талқылауға мәслихат депутаттарын шақырып отыру қажет. Бұл туралы бүгін Сенат депутаттарының орталық атқарушы және жергілікті өкілетті органдардың басшыларымен кездесуі барысында сентор, "Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі" РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Парламент Сенатында өңірлер күнін өткізу қажет. Менің көзқарасымша, бұл Сенат депутаттарын өңірмен таныстырады және оның дамуы мен адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды одан ары тиімді іске асыруына мүмкіндік жасайды. Мәслихат депутаттарын заң жобаларын әзірлеу мен бақылау, сонымен қатар оларды іске асыру кезеңіне Парламенттің сайтында ескертпелер мен ұсыныстарды, тілектер мен пікірлерді орналастыру арқылы тарту керек. Ал өңірлер үшін маңыздылығы жоғары заң жобаларын талқылау барысында мәслихат депутаттарын Парламент Сенатына шақыруды ұсынамын", - деді сенатор.

Сонымен қатар ол Үкімет әзірлейтін заң жобаларының сапасыз болып келетіндігін, соның салдарынан орындалмай жататындығын айтты.

"Өздеріңіз білесіздер, Сенат депутаттары Үкімет әзірлеген заң жобаларының сапасын бірнеше рет көтерді. Әлеуметтік-экономикалық салдардың нақты бағаланбайтындығына байланысты біз, депутаттар әрқашан заң жобаларының қабылдану нәтижесі мен тиімділігі туралы жан-жақты көріністі айқындай алмаймыз. Өкінішке орай іске асыру кезеңінде көптеген заңдар орындалмайды немесе жүзеге асырылмайды", - деді ол.

Мәселен оның айтуынша, 2016 жылы Жер кодексіне ауыл шаруашылығы мақсаттындағы жер учаскелерін иеленуге қатысты өзгерістер енгізілді. Кейінірек бұған Президент Жарлығымен мораторий жарияланды. Мүлік пен кірісті жалпыға бірдей декларациялау туралы заң жобасы да шикі болуы салдарынан қолдану мерзімі бірнеше рет ауыстырылды. Міндетті медициналық сақтандыруға қатысты түзетулер де халықтың көптеген сұрағын туындатты.

"Демек, мәслихат депутаттары Парламент Сенатында қаралатын заң жобаларына қатысуы, сондай-ақ қабылданған заңдарға сәйкес халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірлермен кері байланыс орнатуға, халықты алдағы заңнамаға енгізілетін өзгерістермен ақпараттандыруға мүмкіндік береді",- деді Т.Мұқашев.

Соңғы жаңалықтар