Сенатта зияткерлік меншік нарығын дамытуға қатысты заң қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат екі оқылымда қаралды. Талқылаудан кейін палата депутаттары аталған заңды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы заң жобасымен жұмыс зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдірудегі кезекті қадам болды. Бұл процесс ұлттық заңнаманы халықаралық шарттармен үйлестіру аясында іске асырылды. Қазіргі уақытта Қазақстан 19 халықаралық шартқа және 25 өңірлік келісімге қатысып отыр. Осыған байланысты, 2020 жылы Парламент Мәжілісі Әділет министрлігіне осы саладағы құқық қолдану практикасына талдау жүргізуді ұсынды. Талдау Reed Smith компаниясының заң консультанттарын тарта отырып жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша зияткерлік меншік саласын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірленді», - деді Парламен Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова.

Бұл жұмыстың нәтижелері Парламент Мәжілісінің депутаттарына таныстырылып, егжей-тегжейлі талқылаудан кейін заңнамалық бастаманың негізіне алынды.

Оның айтуынша, заң жобасында халыққа мемлекет кепілдік берген заң көмегін 2025 жылға қарай 2 есеге ұлғайту жөніндегі міндетті шешу ұсынылады. Мұндай міндет «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында қойылған.

«Жол картасын орындау үшін 2022 – 2024 жылдарға республикалық бюджеттен 8 млрд 700 млн теңге бөлінді. Түзетулер 12 мыңнан астам мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге заң консультанттарын тартуға бағытталған және халықтың мұқтаж топтарын қамтуға көмектеседі. Бұл құқықтық мәселелерді шешу тиімділігін арттыруға, түрлі инстанцияларға жүгіну санын азайтуға ықпал ететін болады», - деді Г. Бижанова.

Өз кезегінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған заң зияткерлік меншік құқығын одан әрі жетілдіруді көздейтінін атап өтті.

«Заң осы құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың және патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге арналған. Сондай-ақ құжатта зияткерлік меншік құқықтары мен өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғауды күшейту мәселесі қарастырылған. Заңда ұлттық заңнама нормаларын осы саладағы халықаралық ұстаным мен тәжірибелерінің ережелерімен сәйкестендіруге қатысты да нормалар бар. Сонымен қатар, енгізілген өзгерістер мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу аясын кеңейтуге де бағытталып отыр. Алдағы уақытта осы заң елімізде зияткерлік меншік нарығын дамытуға, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», - деді Сенат Төрағасы.


Соңғы жаңалықтар