Сенатта суармалы егіншілік проблемасы көтерілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Рысқали Әбдікеров елімізде суармалы егіншілікті дамыту деңгейінің төмендігіне алаңдаушылық білдірді. Ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында саладағы проблемаларды атап өтті, деп жазды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, 1990-жылдары әлемде баламасы жоқ Қаныш Сәтпаев атындағы арна аумағындағы суармалы егістік алқабы 80 мың гектар болса, қазіргі уақытта тек 13 мың гектар қалған. Бұл тұрғыда қолда бар қуаттардың тек 10 пайызы ғана пайдаланылады.

«Ең қызығы, еліміздің оңтүстігінде суармалы егіншілікпен айналысу үшін су жеткіліксіз болып жатса, Орталық Қазақстанда су бар, бірақ, толық пайдаланбай отырмыз. Сонымен бірге, жекелеген өңірлерде жеміс-көкөніс өнімдерін жасақтайтын арнайы қойма инфрақұрылымы да жеткілікті деңгейде дамымағанын атап өткен жөн. Сондықтан заң талаптарына сай жер пайдаланушыларға суармалы жердің құнарлылығы мен өнімділігін арттыруға қатаң талап қоюмен бірге, мемлекет тарапынан қолдауды да жан-жақты күшейту қажет», - деді Р. Әбдікеров.

Сенатор осыған байланысты Қаныш Сәтпаев атындағы арнаның қуатын толық пайдалануды, Қарағанды облысындағы суармалы жерлерді қалпына келтіруді, аграршыларға субсидия мен жеңілдетілген несие беруге мүмкіндік беретін шаралар қабылдауды ұсынды.

«Шағын фермерлерге су үнемдеу технологияларын сатып алуға және құрылысқа берілетін субсидия көлемін 50% орнына 80%-ға дейін ұлғайту керек. Суару жүйелерін күрделі жөндеу және реконструкциялауға, әсіресе, шаруашылықішілік каналдар және коллекторлық-дренаждық жүйелерді жыл сайын тазартуға қаражат қарастыру қажет. Жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын арнайы қойма салуға кәсіпкерлерді ынталандыру үшін инвестициялық субсидия мен жеңілдетілген несие беру керек. Су мамандарына ерекше еңбек жағдайын жасап, ауылдық жерде жұмыс істегені үшін қосымша үстемеақылар қарастыруды, сондай-ақ олардың дайындығы мен тәжірибелерін арттыру маңызды деп санаймын», - деп атап өтті депутат.


Соңғы жаңалықтар