Сенатта шағын қалалардағы жас мамандарды қолдау мәселесі көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Бекболат Орынбеков аудандық маңызы бар моно және шағын қалаларға жұмыс істеу үшін келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін көтерді. Ол бұл туралы еліміздің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала мамандарын қолдауға бағытталған «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда. Жобаның басты мақсаты – ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын шешу.

Депутаттың айтуы бойынша аталған бағдарламаны аудандық маңызы бар моно және шағын қалаларда жүзеге асыруда бірқатар өзекті мәселе туындап отыр.

«Аталған қалаларға жұмыс істеуге немесе тұруға келген әлеуметтік сала мамандарына қолдау көрсету шаралары жүргізілмеуде. Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасы бойынша 27 моноқалада 1,5 млн адам және 42 шағын қалада 1 млн адам тұрады, оның ішінде 69 аудандық маңызы бар қалаларда 2,5 млн адам тұрады», - деді Бекболат Орынбеков Сенаттың жалпы отырысында.

Мұндай жағдай Жамбыл облысындағы аудан орталығы болып есептелетін Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында орын алып отыр. Сенатор осы қалаларға жұмысқа орналасқан жас мамандар (дәрігерлер) «қала» статусының болуына байланысты барлық әлеуметтік көмектен шеттетілуде. Бұл жағдай жергілікті жерде кадр тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкеліп оытр.

«Шу қаласына 2017-2018 жылдары келген 6 маманның 5-уі бюджет есебінен берілетін әлеуметтік көмекті алмауына байланысты жұмыстан кеткен. 2019-2020 жылдары жас мамандар келген жоқ. Шу қаласы бойынша кадр тапшылығы – 29 маман», - деді Бекболат Орынбеков.

Сенатор аталған мәселені шешу үшін Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығында көрсетілген талаптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар