Сенатта мәдениет мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулер талқыланды

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау аясында еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен, мәдениет мекемелерінің, оқу орындарының өкілдерімен, Астана, Алматы қалаларының, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының театр ұжымдарымен кездесті.

Шараға еліміздің Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Мәдениет және спорт министрлігінің, мәдениет саласының ұйымдары мен мекемелерінің басшылары, Қазақстан театрларының директорлары мен көркемдік жетекшілері қатысты.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова кездесуді аша келіп, мемлекетімізде мәдениетті дамыту мен классикалық және халық өнерінің үздік дәстүрлерін сақтау үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Әлемдік мәдени кеңістікке ықпалдасу үшін барлық шаралар қабылдануда. Нормативтік құқықтық ережелердің негізі жасалды, мәдениет саласының заңдары мен заңнан кейінгі құқықтық актілер қабылданды, инфрақұрылым дамып келеді, Мәдени саясаттың тұжырымдамасы мен отандық мәдениетті дамытуға ықпал ететін басқа бағдарламалық құжаттар қабылданды.

Сенатордың айтуынша, мәдени мұраға бай және шығармашылық әлеуетке ие Қазақстан халқын әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіру мақсатына қол жеткізуге шақырған Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын, Қазақстан Республикасының Мәдениет саясатының тұжырымдамасын іске асыру үшін Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын.

Б.Әйтімова Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленіп, Сенатқа түскен заң жобасында осы мәселелер көрініс тапқанына сенім артатынын жеткізді. Оның пікірінше, заң жобасының аясында осы саладағы көптеген маңызды мәселелер шешілетін болады. Мәселен, театрлардың алдына қойылған міндеттерді белгілеу, театрлардың ішкі мәселелерін реттеу, қойылымдарға өзге шығармашылық қызметкерлерді тарту, театрларда көркемдік кеңестер мен қойылым топтарын құру заң жүзінде белгіленеді.

Кездесуде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы негізгі баяндама жасады. Ол мәдениет саласын одан әрі жаңғыртудың негізгі ережелері туралы жан-жақты хабардар етті. Бастамашылар атынан Парламент Мәжілісінің депутаты М.Айсина заң жобасындағы негізгі түзетулерді таныстырды. Еліміздің «Мәдениет туралы» заңында Қазақстан халқының мәдени мұрасына жататын басылымдарды сақтау және жария етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәртебесі белгіленді; басылымдардың тегін данасын Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына, ал электрондық нұсқада «Орталық» мәртебесіне ие кітапханаға міндетті түрде беру міндеті бекітілді.

Одан басқа, заң жобасымен мәдениет мекемелері мен театрлар қызметіне қатысты мәселелерді реттеу, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басу және тарату, сондай-ақ мәдениет саласының уәкілетті органдарының құзіретін нақтылау ұсынылып отыр.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов,  Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Еркін Қасенов, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев, Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова және басқалар театр өнерін дамыту туралы ұсыныстар айтып, сөз сөйледі.

Сенат депутаттары Ақан Бижанов, Әли Бектаев, Серік Бектұрғанов, Жабал Ерғалиев, Сәрсенбай Еңсегенов және Сергей Ершов отандық театрды және театр өнерін дамытудың келешегі, жалпы мәдениет саласының мәселелері туралы өз ойларын ортаға салды.

Кездесуді қорытындылай келіп, сенатор Б.Әйтімова мәдениет саласындағы меценаттық пен демеушіліктің алуан түрлері кеңінен қолданылатын Израиль, Италия, АҚШ секілді елдердегі үздік халықаралық тәжірибелерді мысалға келтірді. Қазақстанда да сондай қадамдардың ынталандыру қажеттігін атап өтіп, отандық театр мәдениетін сақтау мен аясын кеңейту қажеттігі және оның жалпы мемлекеттік маңызына тоқталды, сондай-ақ айтылған мәселелерді шешуде депутаттық корпус пен мемлекеттік құрылымдардың күш-жігерін біріктіруді ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар