Сенатта кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеуде жаңа әдістерді пайдалану мәселесі көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу кезінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын енгізу қажеттігі туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, қазіргі көзқарас пен мұндай статистиканың нәтижелері сенімді емес.

«Жергілікті атқарушы органдар, Үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келеді. 2021 жылы Үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейшілік деңгейі 4,5 % аспайды деген ресми ақпарат берді. Осы шындыққа сәйкес келе ме? Сондықтан да Үкімет бірінші кезекте кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасау керек. Келешекте жалған статистикадан толыққанды арылу керек», - деді сенатор өз сөзінде.

Мұрат Бақтиярұлы кейде Үкіметтен Парламентке «шикі» келетін заң жобаларын жазу саласындағы проблемаларға да тоқталды. Сенатор сондай-ақ Үкімет заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындауы керек екенін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың Үкіметтің депутаттық сауалдарға жауап беруге деген көзқарасын сынға алды.

«Сенаттағы әріптестер тарапынан қоғамда әр түрлі салаға қатысты депутаттық сауалдар Үкімет басшысына, Үкімет мүшелеріне жолданып жатады. Бірақ олардың берген жауаптары нақты емес, екіұшты болып келеді. Сондықтан да депутаттық сауалдарға бір жапырақ қағазбен қайтаратын жауаптарды доғару керек. Депутат сауалына жан-жақты зерделеп жауап беру жолға қойылса», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар