Сенатта инвесторларға салықтық жеңілдіктер беру туралы түзетулер қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаторлар инвесторларға арналған салықтық жеңілдіктер туралы түзетулерді қабылдады. Депутаттар экономиканың басым салаларына инвестиция салуға әрі дамытуға дайын инвесторларға арналған «нөлдік мөлшерлемені» енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инвестициялардың көлеміне, мерзіміне және жұмыс орнына байланысты инвесторлар корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, қосымша құн салығынан және мүлік салығынан 10 жылға дейінгі мерзімге босатылады. Бұл қадам ел экономикасына инвесторлар тарту және осындай күрделі кезеңде жаңа жобаларды іске асыру үшін қажет. Сенаторлар бұл өзгерістерді ел Президентінің тапсырмасы аясында ұсынып отыр», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат депутаттарының пікірінше, мұндай ерекше жағдай отандық экономика үшін күрделі кезеңде нарықта сұранысқа ие тауар түрлерін, соның ішінде экспортқа шығаруға қабілетті жаңа өндірістерді бастауға мүмкіндік береді. Салық бойынша «нөлдік мөлшерлеме» Үкімет пен инвесторлар арасында жасалатын барлық уағдаластықтарды бекіту үшін стратегиялық инвестициялық келісім шеңберінде жаңа құрал ретінде әрекет ете бастайды.

«Қазіргі жағдайда әлемде инвестициялар үшін бәсекелестік байқалып отыр. Ол экономиканың барлық салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдауды талап етеді. Шетелдік капиталды тартудың жаңа құралдарын енгізу қажет», - деді сенатор Сағындық Лұқпанов.

Келісімнің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда салықтар бойынша преференциялар және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік ол жасалған күннен бастап күшін жояды. Сондай-ақ, инвестициялық келісім жер қойнауын пайдаланушылар мен акцизделетін тауарларды өндірушілерге қолданылмайды.


Соңғы жаңалықтар