Сенатта елорданы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсыныс айтылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатор Нұрлан Бекенов еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында сумен жабдықтау және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы проблеманы атады, деп хабарлайды ҚазАқпапар тілшісі.

Депутат Астананы сумен жабдықтау жалғыз көзден – Астана су қоймасы арқылы жүзеге асып жатқанына тоқталды. Ол 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген болатын. Дегенмен, елорда халқы бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып кеткен.

«Қаланың қарқынды дамуына, сондай-ақ халық санының үнемі өсіп отыруына байланысты суға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Астана су қоймасының ресурсы толық сарқылған жағдайда, елордаға балама су көзін тарту тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажет. Осы орайда қазірден бастап халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің балама жолдарын қарастырып, жоспарлау қажет деп санаймын», - деді сенатор Н. Бекенов.

Сенатор Нұра жер асты суы орнын игеруді және оның ұзақ мерзімді пайдалану нәтижесінде апатты жағдайда тұрған инфрақұрылымын қайта жаңғыртуды ұсынды.

Депутат Мемлекет басшысының Үкіметке Бұзылық су қоймасын салу туралы ұсынысты зерделеу және енгізу жөніндегі тапсырма бергенін еске салды. Сенатор Бұзылық су қоймасының құрылысы су тасқыны қаупін азайтуға, Есіл өзенінің ағынын реттеуге және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының су қорларын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

«Тұрғындарды сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ елорданы сумен қамтамасыз етудің қосымша бағыттарын ескере отырып, Нұра және Бұзылық су қоймаларында қысқа мерзімде қайта жаңғырту мен қажет жұмыстарды атқару, керек», - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, үш жылда елімізде 9 жаңа су қоймасы салынады.


Соңғы жаңалықтар