Сенатта ЕАЭО-ға Қырғызстанның қосылу шартына енгізілетін өзгерістер талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықаралық шарттар туралы Заңға сәйкес, хаттама ратификациялауға жатады. Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шарттың 8 бабына сәйкес, қолданыстағы кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлудің қолданыстағы нормативтерінің мерзімі 2018 жылғы 12 тамызға дейін деп белгіленген. Осы хаттама көрсетілген қолданыстағы нормативтерді 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартады. Бұл кедендік әкелу баждары сомаларын бөлудің қалыптасқан режімін сақтау мақсатында қажет», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов.

Халықаралық шарттар туралы Заңға сәйкес, осы хаттама 2018 жылғы 12 тамыздан бастап уақытша қолданылатынын атап өту қажет.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, жаңа нормативтер арнайы комиссия деңгейінде ағымдағы жылдың барысында талқыланады.

Атап айтқанда, хаттамада қолданыстағы кедендік әкелу баждарының сомаларын, яғни Армения Республикасы - 1,220 пайыз, Беларусь Республикасы - 4,560 пайыз, Қазақстан Республикасы - 7,055 пайыз, Қырғыз Республикасы - 1,900 пайыз, Ресей Федерациясы - 85,265 пайыз деңгейінде бөлу нормативтерін биылдың соңына дейін ұзарту көзделіп отыр.

Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасын Сенаттың жалпы отырысына жіберу туралы шешім шығарды.

Соңғы жаңалықтар