Сенатта ЕАЭО-дағы электр энергетикасы және Ресеймен әскери ынтымақтастық мәселелері қаралады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда 2022 жылдың 17 ақпанына жоспарланған Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылатын мәселелер қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдағы Сенат отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды.

Бұл Хаттама мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және Еуразиялық экономикалық одақта адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құқықтық кеңістік қалыптастыруға арналған. Сондай-ақ мүше мемлекеттер экономикаларының электр энергетикасы саласындағы тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тиісті жағдай жасауды көздейді.

Сонымен қатар Палата отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы шығарылды.

Аталған Шарт Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери сала бойынша ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын дамытуға бағытталған. Нақты айтқанда, мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскерлерді қолдануды бірлесіп жоспарлау, өңірлік қауіпсіздіктің сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы іс-қимыл, жедел және жауынгерлік дайындық, әскери білім мен ғылым, бітімгершілік қызмет сияқты салалардағы ынтымақтастықты қамтиды.


Соңғы жаңалықтар