Сенатта цифрлық төлем жүйесін енгізу мәселесі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Ұлттық төлем жүйесін енгізу. Цифрлық теңге – күтілетін нәтижелер мен дамыту перспективалары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылғы 24 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаржы нарығына қатысушыларды өзара тиімді шарттармен тарта отырып, ұлттық төлем жүйесін құруға кірісу қажеттігін атап өткен болатын.

Сенатор Серікбай Трұмов дөңгелек үстел жұмысын аша келіп, қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі жыл сайын тұрақты өсіп келе жатқанын және 2021 жылдың соңына қарай төлемдердің жалпы сомасының шамамен 77%-ын құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық төлем жүйесін дамыту теңгенің қолма-қол ақшасыз айналымына одан да қолайлы жағдай жасайтын болады.

«Қазақстанда төлем кеңістігі құрылады деп көзделіп отыр. Соның арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдердің қауіпсіздігі артады, есеп айырысудың жылдамдығы жақсарады, нарықтың барлық қатысушылары үшін транзакциялар құны төмендейді. Сонымен қатар ұлттық төлем жүйесін дамыту отандық банк жүйесінің сыртқы қатерлерге тәуелді болуын азайтады, отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, сондай-ақ отандық қаржы жүйесінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Серікбай Трұмов.

Дөңгелек үстел отырысы барысында төлем жүйесі еліміздің қаржы жүйесінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылатыны және оның үздіксіз жұмыс істеуі – мемлекеттің стратегиялық міндеті екені атап өтілді. Сенаторлар осыған байланысты цифрлық ұлттық валютаны енгізу тетіктерін мұқият зерделеу мен пысықтаудың маңыздылығын атап өтті. Қолма-қол ақшасыз айналым көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге ықпал етуі ықтимал екені ескерілді.

Парламентшілер дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ұлттық банк басшылығына және мүдделі мекемелерге жіберілетін ұсынымдар әзірледі.


Соңғы жаңалықтар