Сенатта бюджет саясатының тиімділігін арттыру жолдары талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатта «Теңгерімді және ашық бюджет - елдің табысты және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтті.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бюджет шығыстарының тиімділігін барынша арттыру туралы тапсырма бергенін еске салды.

Тоқаев экономика баяу түрде қайта қалпына келіп, қаржылық мүмкіндіктер шектеулі болып отырған жаңа экономикалық жағдайда мемлекетіміздің бюджет саясаты отандық экономикада жүргізілетін құрылымдық өзгерістердің негізгі ынталандырушы күшіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Төраға мемлекет қаржысын мұқият пайдалану жайында айта келіп, «Шектен тыс шығындарға жол берілмеуі керек. Имидждік сипаттағы жобаларға жұмсалатын едәуір шығынның көлемін айтарлықтай қысқартып, мүмкін болған жағдайда, мүлдем тоқтату қажет», - деді.

Төрағаның сөзінде соңғы жылдары бюджеттің кірісіне қарағанда шығыс бөлігінің артып келе жатқандығы аталып өтті. Жоғарғы Палатаның басшысы мемлекетіміздің салық саясаты да қазіргі замандағы жаһандық сын-қатерлерге жауап беруі тиіс екеніне, ең алдымен іскерлік белсенділікті ынталандырып, кірістердің артуына ықпал етіп, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуі қажет екеніне тоқталды. Сондай-ақ, тиімділігі төмен салықтық жеңілдіктерді қайта қарау керектігі айтылды.

Тоқаев Ұлттық қордың қаражатын жұмсау мәселелеріне ерекше назар аударды: «Ұлттық қордың қаражатын пайдалану ағымдағы түйткілдерді жедел шешуге арналған тұрақты қаржы көзінің болуы есебінен ұзақ мерзімдегі болашақта Үкіметтің экономикалық саясатының тиімділігін төмендетуге әкеліп соғуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, Ұлттық қордың қаржысын пайдалану мүмкіндігі үкіметті босаңсытады», - деді ол.

Сенат төрағасы еліміздің экономикасын өзгеше жағдайларға бейімдеп дамытуды, экономикалық өсімнің жаңа моделін жасауды және бәсекелестік пен нарық жағдайында «шамамызға қарай» өмір сүруді үйренуге тиісті екенімізді жеткізді.

«Президент ұсынған Үшінші жаңғырудың мақсаты да осы стратегиялық міндетті көздейді. Бюджеттің мұнай бағасына тәуелділігін төмендету, салықтық әкімшілендіруді жақсарту, бюджет шығыстарын оңтайландырудың құрылымына көшу жөніндегі жұмыстар жалғасын табуы қажет», - деді Қ.Тоқаев.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз сөзінде бюджет жүйесіндегі ұзақ мерзімді басымдықтар мен бюджет қаржысын тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған шаралар туралы хабардар етті.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сенаторларға мемлекеттік қаржының орнықтылығын арттыру аясында салық саясатының негізгі бағыттарын айтып берді.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім мемлекеттік аудит пен қаржы бақылауды жүзеге асырудың жаңа әдістерін енгізу туралы әңгімеледі.

«Сандж» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті Жанар Жандосова Қазақстан бюджеті ашықтығы индексінің International Budget Partnership (IBP) ұйымы есептеген төмен деңгейінің (100 мүмкіндіктің 51 тармағы) негізгі себептеріне тоқталды. Сарапшы бюджет қалыптастыру, қаржыландырудың басым бағыттарын белгілеу, жария тыңдау мен аудиторлық тексеру жүргізу үдерістеріне жұртшылықты кеңінен тартудың маңыздылығын атап көрсетті. Ж.Жандосова бюджет құжаттарын халықаралық талаптарға сәйкес келтіру және бюжет үдерістеріне жұртшылықты тартудың тетіктерін жасауға бағытталған нақты шараларды ұсынды.

Шара бағдарламасы бойынша Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев сөз алды.

Депутаттар Дариға Назарбаева, Ақан Бижанов, Икрам Адырбеков, Сергей Ершов, Ерболат Мұқаев, Бақтыбай Шелпеков, Дархан Кәлетаев, Ольга Перепечина, Серік Жақсыбеков, Асхат Күзеков талқыланып отырған мәселе бойынша өз ойларын ортаға салып, баяндамашыларға бірқатар сауалдар қойды.

Пікірсайысты қорытындылай келіп, Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті ынталандыру, мемлекеттік сатып алулар саласын жетілдіру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Үкімет қолданыстағы салық, бюджет және басқа да заңнаманы өзгерту жөніндегі ұсыныстар әзірлеуі қажет екенін атап өтті. Сенатор парламентшілер тыңдау қорытындысы бойынша қабылданған ұсынымдарды тұрақты түрде бақылауда ұстауға ниеттеніп отырғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар