Сенатта Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттерінің мәселесі көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Нариман Төреғалиев Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысында орналасқан өткізу бекеттерінің мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 2016 жылғы қазанда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында Елбасы еліміздің Үкіметіне Қазақстан-Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу пункттерін жаңғырту, сондай-ақ «Фомин» және «Молодость» жеңілдетілген өткізу пункттерінің мәртебесін екіжақты автомобиль өткізу пункттеріне өзгерту туралы тапсырма берген болатын. Осы шаралардың барлығы 2018 жылдың 15 желтоқсанына дейін жүзеге асуы тиіс еді.

Сенатор аталған тапсырманың орындалмауына байланысты депутаттар бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, депутаттық сауалдар жолдағанын атап өтті.

Нариман Төреғалиевтің сөзіне қарағанда, бұл мәселені шешу өткізу бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектерден арылуға және өңірдің экономикалық өсуіне жаңа серпін беруге көмектесер еді.

«Жәнібек ауданының «Жәнібек-Вишневка» өткізу пунктіне көп жақты халықаралық өткізу пункті мәртебесін, ал Бөкей Ордасы ауданының «Молодость-Верхний Баскунчак» және Казталов ауданының «Фомин» өткізу пункттеріне екіжақты автомобиль өткізу пункті мәртебесін беру мәселесінің шешілуіне және Өнеге-Бисен-Сайқын республикалық маңызы бар тас жолын Сайқын-Шоңай-Молодость (50 км) шекара белдеуіне дейін ұзартып, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ есебіне беру арқылы жергілікті маңызы бар жолдан республикалық маңызы бар жол мәртебесіне ауыстыруға ықпал етуіңізді сұраймыз» - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.


Соңғы жаңалықтар