Сенатта антициклды фискалдық саясатқа көшу мәселесі талқыланды

None
None
АСТАНА. Қазанның 8-i. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері  ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановпен кездесті.

 Жүздесу барысында еліміздің антициклды фискалдық саясатқа көшу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы Парламент сессиясын ашу барысында еліміздің антициклды фискалды саясатқа көшу мәселелерін аса маңызды әрі өзекті шара деп атап өткен болатын. Осы саясатты жүзеге асыру үшін қаржылық қадағалаудың ролін күшейту, бюджеттік заңнаманың тиімділігін ұлғайту аса қажет. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын нығайтудағы экономикалық дамудың аса маңызды көзі - бюджет. Жалпы, бюджет дегеніміз ‑ түсімдерден қалыптасатын және орталық мемлекеттік органдардың міндеттері мен қызметтерін қаржылай қамтамсыз етуге, сондай‑ақ мемлекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры. Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бұл тұрғыдағы ролі еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуы басымдықтарын тиімді іске асыруға ықпал ететін болады», деді жиынды ашып сөз сөйлеген Комитет төрағасы Қайрат Ищанов. Сенатордың айтуынша, антициклды фискалды саясатқа көшу елімізді дамытудың жаңа кезеңінің міндеттеріне сәйкес болып табылады. Сонымен бірге, бұл бағыт экономиканы әртараптандыруға және индустриялық‑инновациялық дамуға ықпал етуі шарт.

Жиын барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов еліміздің әлеуметтік‑экономикалық басымдықтары, фискалдық, инвестициялық, қаржылық саясатты қалыптастыру, экономика секторында активтерді басқару жайында әңгіме өрбітті. Сенаторлар тарапынан көтерілген мәселеге түсінік бере отырып, антициклды саясатты атқарудағы негізгі құралдар жайында сөз қозғады.

Соңғы жаңалықтар