Сенатта әлеуметтік жағынан осал азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Бекболат Орынбеков Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету мәселелері мен тұрғын үй секторындағы проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде Жамбыл облысында 37 037 адам тұрғын үй кезегінде тұрса, оның 26 841-і халықтың әлеуметтік осал топтарынан. Кезекте тұрғандардың саны осындай көп болғандықтан, сенатор құрылыс компанияларының тұрғын үй құрылысына қызығушылығының төмендеуіне алаңдаулы.

«Бүгінгі таңда тұрғын үй салу кезінде қалыптасып отырған негізгі проблема - ол нарықтағы материалдың бағасы. 2020 жылмен салыстырғанда 2022 жылы орта есеппен 1,8 есеге дейін өсіп, сметадағы құннан әлде қайда жоғары болып отыр. Осыған байланысты мердігерлердің тұрғын үй құрылысына қызығушылығы төмендеді», - деді сенатор.

Осыған байланысты депутат Жамбыл облысында жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру қағидаттарын қайта қарауды және облыстағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құнын 220 000 теңгеге дейін көтеруді, сондай-ақ құрылыс компанияларына аванс төлеуді ұсынып отыр.


Соңғы жаңалықтар