Сенатта «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілетін өзгерістердің таныстырылымы өтті

None
None
АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті,  

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2009 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы әлімдік тауар нарығындағы қазіргі жағдай мен ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы ел экономикасының даму үрдісі негізінде нақтыланды. Қазан айының басында Халықаралық валюта қоры 2009 жылдың әлемдік экономиканың даму болжамын жақсару жағына қарай өзгерткені мәлім. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің құлдырауы 0,3 пайызға, яғни 1,4 пайыздан 1,1 пайызға дейін қысқарады деген болжам жасалды.    Бұдан басқа, әлемдік тауар нарығындағы мұнай және металл бағасының өсуі байқалып отыр. 2009 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мұнайдың әлемдік бағасы орташа алғанда 57,5 долларды құрады. Сонымен бірге, 2009 жылы мұнай өндіру көлемі бағалау бойынша 75 млн. 770 мың тонна болады. Бұл өткен жылғы өндірілген көлеммен салыстырғанда 7,3 пайызға артық», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов.

 Оның айтуынша, елдегі экономикалық ахуалды талдау және ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша кірістердің нақты түсімін негізге алып есептеулердің базасында макроэкономикалық көрсеткіштердің параметрлерін нақтылау 2009 жылға арналған республикалық бюджетті қайта қарауға негіз болған.

Нәтижесінде, 2009 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімдерін есепке алмағанда) 1 трлн. 476 млрд. 367 млн. 109 мың теңге көлемінде айқындалған. Бұл 2009 жылдың бекітілген  жоспарына қарағанда 53 млрд. 115 млн. 676  мың теңгеге төмен көрсеткіш. Оның ішінде салықтық түсімдер 74 млрд. 335 млн. 069 мың теңгеге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша 9 млрд. 598,0 млн. теңгеге кеміді. Ал, салықтық емес түсімдер 30 млрд. 817 млн. 393 мың теңгеге ұлғайған.

Соңғы жаңалықтар