Сенаторлыққа үміткерлердің мамандықтары белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сенаторлыққа үміткерлердің қатарында қай мамандық иегерлері бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мамандықтар бойынша тоталсақ, 19 инженер, 13 экономист, 8 педагог, 7 аграрлық сала қызметкері, 5 дәрігер, 3 заңгер, 1 саясаттанушы, сондай-ақ екеуі басқа мамандық иегері. Кандидаттар арасында қазіргі кезде қызмет атқарып отырған 4 сенатор бар. Бұдан басқа, кандидаттар ішінде 21 коммерциялық құрылым қызметкері, 16 мемлекеттік ұйымның, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, 12 мемлекеттік қызметші, 5 қоғамдық ұйымның өкілі бар», - деді Б. Имашев ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Сонымен қатар ол 23 шілдеде сағат 18:00-ден бастап Сенат депутаттығына тіркелген барлық кандидаттар сайлау алдындағы үгіт-насихатқа кірісуге құқылы екенін еске салды. Үгіт-насихат биылғы 11 тамызда сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу кезеңінің қорытындылары қаралды.

2020 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша елімізде Сенат депутаттығына сайлау комиссиялары 58 кандидатты тіркеді. Орташа алғанда бір орынға үш үміткер бар.

Айта кетейік, 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі осы жылдың қазан айында аяқталады. Осылайша, 2020 жылдың 12 тамызында еліміздің жоғары заң шығарушы органы жоғары палатасына 17 өңірден бір-бір депутаттан сайлануы қажет.



Соңғы жаңалықтар