Сенаторларға мемлекеттік кірістер саласындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды жоғары палатаның баспасөз қызметі.

Алдымен сенаторларға комитетте былтыр іске қосылған байланыс орталығының жұмысы көрсетілді. Аталған орталыққа 1414 байланыс нөмірі арқылы хабарласып, кез келген азамат кіріс пен шығысқа қатысты өзін толғандырған сұрақтарға жауап ала алады.

Комитет өкілдерінің мәлімдеуінше, орталыққа күніне 300-ге жуық қоңырау шалынып, тұрғындардың 80 пайызы алған жауаптарына қанағаттанады.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, биылдан бастап барлық сауда жүйесі онлайн кассаға көшуі тиіс. Қазіргі күні кассалық аппарат құрылғысымен көбінесе шағын және орта кәсіп иелері қолданады.

Сонымен қатар, Сенат депутаттары комитет жанынан пилоттық жоба ретінде құрылған ахуал орталығының жұмыс барысымен етене танысты.


Егер аталған пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылса, ел іші мен қатар шекаралық, кедендік жағдайды бақылайтын республикалық ауқымды ахуал орталығы ашылатын болады.

Бүгінде ахуал орталығының мамандары ел шекарасы арқылы кіретін және шығарылатын барлық кедендік рәсімдерді бақылап отырады. Мақсат – кедендік қауіпсіздікпен қатар, тауар айналымын көлеңкелі экономикадан сақтау.

Мемлекетік кірістер комитеті мамандарының айтуынша, ахуал орталығы арқылы тауарлар ғана емес, шекараны аттаған әрбір автокөлік толықтай тексеруден өтеді.


«Бүгінде Қаржы және Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп салық кодексі туралы заңға өзгерістер енгізіп жатыр. Осы орайда біз бүгін сенаторлар тобы мемлекеттік кірістер комитетінің жұмысымен танысуды жөн көрдік. Елімізге сырттан келетін тауарлар мен өнімдердің қалай жеткізілетінін, яғни адамның қатысуынсыз технология мен автоматтандырылған құрылғының көмегімен жұмыс істейтіндігіне көзіміз жетті. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың да алдын алады. Демек бизнес өкілдері заман талабына сай, жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайын болуы тиіс. Себебі, тәуекелді басқару жүйесі қатаң бақылауға алынған», - деді ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина.


О. Перепечинаның айтуынша, өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқан салық кодексі туралы жаңа заң Сенат қарауынан соң үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарлануда.

«Бүгін мемлекеттік кірістер саласындағы соңғы жаңашылдықтармен таныстық. Байқанымыздай, қазіргі уақытта заңды тұлғалардың табысы мен мемлекетке төлеуі тиіс салық мөлшері автоматты түрде бақылауға алынған. Дегенмен заңды әліде болса қатаңдату қажет. Әсіресе шекарадан заңсыз немесе талапқа сай емес тауар тасушыларға айыппұл көлемін ұлғайту қажет. Бұл орайда біздер мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ұсынымдарын қолдауға әзірміз», - дейді ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ерболат Мұқаев.


Соңғы жаңалықтар