Сенаторлардың халықпен кездесуінде қандай мәселелер көтерілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарында болып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Алматы облысының Жамбыл ауданына сапарлады. Депутаттар Жамбыл ауданының активімен кездесіп, оның барысында жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру және шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері көтерілді. Сенаторлар проблемалық мәселелер атқарушы органдардың назарына ұсынылып, жеке бақылауға алынатынын атап өтті.

Палата өкілдері сонымен қатар Ақтерек ауылындағы жаңа көпір құрылысымен танысып, Жамбыл, Қарақыстақ, Аққайнар, Шиен, Дегерес елді мекендерінде болды.

Сондай-ақ Сенат депутаттары Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының, «Болашақ» балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ халықты өткен жылы Парламентте қабылданған заңдардың мазмұнымен таныстырды.

Халықпен кездесу аясында аудандағы «Ауыл-ел бесігі» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Осы жоба бойынша 2020 жылға 1 305 019 мың теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы аурухана ғимаратын, №1 Балкашин және Сандықтау орта мектептері мен «Мирас» балабақшасын күрделі жөндеуге, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу барысында асфальт төсеуге (4,6 км) жұмсалатын болады.

Депутаттардың жұмыс сапары Максимовка ауылдық округінде жалғасты. Бұл жерде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесулер өтті. Ауылда спорт нысандары салынып, Максимовка орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілген. Сенаторлар жаңа үйлер мен жабық хоккей алаңын көрді.

Ал ауыл мектебінің педагогтарымен кездесу барысында «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануына байланысты мұғалімдер мен тәрбиешілерге қатысты өзгерістер хабардар етілді.

Бұдан бөлек, Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысының Балқаш қаласында болды.

Депутат ең алдымен қаладағы полиция бөлімінің жаңа фронт-кеңсесіне барғанды. Орталықтың ашылуы өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға, азаматтардың мәселелерін жедел шешуге және жалпы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Р.Әбдікеров полиция қызметкерлерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құқықбұзушылықтың жекелеген түрлері бойынша жауапкершілікті күшейтуге бағытталған тапсырмаларын орындау аясындағы заңнамадағы өзгерістер туралы айтып берді.

Сенатордың сапары жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйінде жалғасты. Мұнда 15 тәрбиеленушіге жайлы жағдай жасалған. Депутат балалар үйінің түлектеріне тұрғын үй бөлу мәселесін көтерді. Соңғы 5 жылда 19 түлектің 7-еуі тұрғын үй алған, қалғандарының мүліктік мұрагерлік аясында бекітілген баспаналары бар.

Сенатор қалалық сот ғимаратындағы «Сот кабинеті» сервисі, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы, медиация және адвокаттар кабинеттері, аудио-бейне тіркеу және бейнеконференцбайланыс жүйесінің жұмысына ерекше назар аударды.

Сапар барысында «Сары Қазына» серіктестігінің ұжымымен де кездесу болды. Кәсіпорын 2007 жылдан бері Қоңырат кенішіндегі техногендік минерал түзілімдерде жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізіп келеді. Сенатор экологиялық заңнаманы сақтау және келісімшарттық міндеттемелерді орындау мәселелеріне назар аударды.

Депутат Ы.Алтынсарин атындағы № 25 жалпы білім беретін мектептегі жаңғырту және робототехника кабинеттерінің жұмысымен, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарындағы 134 балаға ыстық тамақ ұйымдастыру барысымен танысты. Педагогтармен болған кездесуде жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңның ережелері түсіндірілді.

Қалалық жұмыспен қамту орталығында болған Р.Әбдікеров қала тұрғындарын жұмысқа орналастыруға көмек көрсету және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлері бойынша жұмысты ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18 жастан асқан адамдарды дамыту және әлеуметтік бейімдеу орталығы сапардың келесі нысаны болды. Орталық ғимаратын «Қоңырат» корпоративтік қоры 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жөндеуден өткізіп, «Үлкен Жүрек» қоғамдық бірлестігіне берген болатын. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында айына 70 балаға дейін оңалту қызметтері көрсетіледі.

Жұмыс сапарының соңы азаматтарды жеке қабылдауға арналды. Сенаторға 9 адам кездесуге жазылған болатын. Тұрғындар экология, электр энергиясының тарифтері, үйлердің қасбеттері мен лифттерін жөндеу, азық-түлік бағасы және басқа да мәселелерді көтерді.



Соңғы жаңалықтар