Сенаторлар заң білімінің сапасы мәселелерін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары еліміздегі заң білімінің сапасын зерттеу мақсатында Қарағанды қаласының бірқатар оқу орындарында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде елімізде 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді, олардың 67-сі заңгерлер даярлайды. Соңғы 5 жылда заңгерлерді даярлауға 1480 грант бөлінді және 124 мыңнан астам заңгер бітіріп шықты.

Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Владимир Волков өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын арттыруға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Реформаларды, оның ішінде құқық қорғау және сот жүйесіндегі жаңаруларды сапалы жүзеге асыру үшін қоғам мен мемлекетке қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін, патриоттық рухтағы және адамның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғауды бағдар еткен, заңтану саласында кәсіби құзыретке ие жаңа формациядағы заң кадрлары қажет», - деді сенатор.

Отырысқа қатысушылар, олардың ішінде Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарының өкілдері саладан тыс жоғары оқу орындарында заң факультеттерін ашу және жаппай дипломды алу заң кадрларының кәсіптік білімінің сапалық деңгейін төмендететінін атап өтті. Сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрамның тапшылығы да байқалып отыр.

Владимир Волков сөзін қорытындылай келіп, білім беру жүйесі әрқашан еліміз Президентінің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Құқықтық білім беруде сапа тақырыбы аса маңызды әрі зерделеуді қажет ететіндігін ескере отырып, Комитет барлық мүдделі тараптарды шақыра отырып Парламент Сенатының қабырғасында комитет отырысын өткізуді жоспарлап отыр. Оның нәтижесі 2022 жылдың 1 тоқсанында «Қазақстандағы құқықтық реформа: заң білімінің сапасын қамтамасыз ету сауалы» тақырыбы бойынша Үкімет сағатын өткізу болады, онда елдегі заң білімінің сапасын арттыру туралы Үкімет атына ұсынымдар әзірленетін болады» - деді Владимир Волков.

Сенаторлар сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарындағы, атап айтқанда М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі заңгерлік білім беру деңгейін тексерді.


Соңғы жаңалықтар