Сенаторлар «Үлкен отбасы» арнайы бағдарламасының қажеттігін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір топ Сенат депутаттары көп балалы аналар мен мүгедектерді қолдауға бағытталған арнайы кешенді әлеуметтік бағдарлама әзірлеуді сұрады. Осы орайда олар Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, Үкімет «Алтын алқа, Күміс алсқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ (ажырасқан, жесір т.б.) аналардың, мүгедек әйелдердің, мүгедек баласы бар аналардың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының 50 пайыз көлемінде жәрдемақы төлеудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет.

«Екіншіден, көптеген дамыған елдерде бар көп балалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасында бірге тұратын зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдемақылар мен шәкіртақы көлемін табыс көзі ретінде есепке алмау керек.

«Көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларың Үкіметтің тұрғын үйімен қамтамасыз етуге бағытталған саналуан бағдарламаларға қатысу мүмкіндігінің жоқ болуына байланысты көпшілігі тұруға өте қолайсыз-тар, жалдамалы орындар мен пәтерлерде тұруға мәжбүр. Сондықтан да олардың үй кезектілігін бөлек тіркеу шараларын және олар үшін барынша қолжетімді алдын-ала жарнапұл төлемей жалға берілетін, еліміздің барлық қалалары мен аудан орталықтарында салатын тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс», - деді сенатор.

Осы орайда, ол көп балалы аналар мен мүгедектерді және ауыр қиын өмірлік жағдайдағы өмір сүріп жатқан азаматтарымызды қолдауға бағытталған арнайы кешенді әлеуметтік бағдарлама әзірлеуді сұрады.

Соңғы жаңалықтар