Сенаторлар шағын бизнеске салықты азайту туралы заң жобасын қарайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 24 қарашаға жоспарланған Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдағы палата отырысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) және осы кодексті қолданысқа енгізу туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарайды.

Ұсынылған түзетулердің қатарында еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту және бірыңғай төлемді енгізу туралы норма бар. Нақты айтқанда, қазір микро және шағын бизнес субъектілері еңбекақы төлеу қорынан 34,5 пайыз төлейді. Ал 2023 жылдан бастап біртіндеп 2028 жылға дейін 26,3 пайызға дейін өсе отырып, 20 пайыздық бірыңғай төлемді ерікті негізде төлеу ұсынылады.

Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралады. Бұл құжат жолдардағы көліктік бақылауды автоматтандыру бөлігінде өзгерістерді, теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормаларын имплементациялауды, темір жол көлігіндегі оқиғаларды, кемелерге қатысты апаттық жағдайларды және азаматтық авиацияны тергеу тәртібін жетілдіруді көздейді.


Фото: senate.parlam.kz

Соңғы жаңалықтар