Сенаторлар сайланған ауыл әкімдерімен кездесті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Сенаторлар - «Өңір» депутаттық тобының мүшелері Ерік Сұлтанов, Нұрлан Бекназаров, Сергей Ершов және Дүйсенғазы Мусин жергілікті мемлекеттік басқару мәселелерін қарау жөніндегі отырысқа дайындық аясында Ақмола облысында кеңес өткізді.

Бұл туралы ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Облыс әкімінің орынбасары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысқан кеңесте бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сенаторлар аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге ерекше назар аударды.

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы елімізде ең алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткен болатын. 2021 жылдың 25 шілдесінен жыл соңына дейін еліміздің 14 облысының 864 ауылдық округінде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті», - деп атап өтті Нұрлан Бекназаров.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе - аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері талқыланды. Сенаторлар сайланған әкімдердің, атап айтқанда төртінші деңгейдегі бюджет мәселелері жөніндегі ұсыныстары мен ой-пікірін тыңдады.

Депутаттар өз кезегінде кездесуде айтылған проблемалық мәселелер биылғы жылдың 24 қаңтарында «Өңір» депутаттық тобының қорытынды кеңейтілген отырысында көтерілгенін және зерделенгенін атап өтті.

Ерік Сұлтанов кеңесті қорытындылай келіп: «Мемлекет басшысының саяси бастамасын іске асыру туралы мәселелер «Өңір» депутаттық тобының бүгінгі күн тәртібінде тұр. Сондықтан Ақмола облысында осы мәселелерді талқылау бойынша кездесу өткіздік. Проблемалық мәселелер мен нақты ұсыныстар тыңдалды. Енді олардың заңнамалық шешімі бойынша жұмыс істейтін боламыз», - деді.

Сенаторлар сонымен қатар аймақтың бірқатар өнеркәсіптік нысандарын да аралады. Олардың арасында сүт өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы техникасын сату және қызмет көрсету кәсіпорындары бар.


Соңғы жаңалықтар