Сенаторлар палата отырысының күн тәртібін бекітті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар осы аптада болатын іс-шараларды талқылап, 1 маусымда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін, яғни 29 маусым күні Сенатта «Қазақстанның инвестициялық ахуалы және инвестициялық тартымдылығы» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтеді. Іс-шара барысында сенаторлар Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектордың өкілдерімен бірге еліміздің инвестициялық саясатына қатысты маңызды мәселелерді талқылайды.

Сонымен қатар Бюро мүшелері Палатаның алдағы отырысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес бейсенбі күні депутаттар «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Бұл Құжат Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа негізге алып және ЕАЭО Кеден кодексі туралы шарттың ережелерін назарда ұстай отырып, Келісімнің бірқатар баптарына редакциялық және заңдық сипаттағы өзгерістер енгізуді көздейді.

Сондай-ақ Палатаның отырысында «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы» заң қаралады. Аталған заң мәдениетаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға арналған. Келісімді ратификациялау арқылы Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы дипломатиялық қатынастар кеңейе түседі деп күтіліп отыр.

Одан бөлек, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.


Соңғы жаңалықтар