Сенаторлар отандық бизнесті қолдаудың маңыздылығын атап өтті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаторлар Дәурен Әділбеков пен Еділ Мамытбеков Қосшы қаласына болып, тұрғындар мен бизнестің өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары паалатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар жергілікті тұрғындарды әлеуметтік тауарлармен қолжетімді бағада қамтамасыз ететін дүкенде болды. Мұнда келудегі басты себеп – қазіргі инфляция жағдайында баға өзгерісінде алыпсатарлыққа жол бермеуге баға беру және қалың көпшілік тұтынатын тауарларға тапшылықты тексеру болды.

Жаңадан ашылған дүкендер желісі қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, қосымша жұмыс көзі болып табылады. Сенат депутаттары дүкен сөрелерінде отандық өнімге молшылық болуы тиіс екенін айта келіп, бұл тәсіл тиісінше шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына және тауарлар бағасының сыртқы әсерлерден дербес болуына ықпал ететінін жеткізді.

Сенаторлар жиһаз және металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорында да болды. Кәсіпорын өкілдері бұл кездесуде экологиялық таза материалдар ғана пайдаланылатынын айтты. Депутаттар өз кезегінде осындай кәсіпорындарға қолдау көрсету мен олардың кеңінен қанат жаюына мүмкіндік жасаудың маңызды екеніне тоқталды.

Сенаторлар қала әкімдігінде болған кезде қаланың инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық даму жоспары таныстырылды.

«Тұрғындарды ауыз сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету қаланың өзекті мәселесі болып табылады. Қала аумағының жылдам ұлғаюына байланысты өмірлік маңызы бар инфрақұрылым мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау қажет», - деді Дәурен Әділбеков.

Сенаторлар бюджеттің төртінші деңгейінің жұмыс істеу мәселелеріне ерекше назар аударды. Депутаттар салықтың ауқымды көлемін ел бюджетіне бизнес субъектілері аударатынын атап өтті. Бұл ретте мұндай салық жүктемесін бизнес субъектілеріне сауатты түсіндіру, сондай-ақ әкімшілік тарапынан мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жүргізу маңызды болып отыр.

Депутаттар әрбір нысанның ағымдағы жұмыстарымен және проблемаларымен егжей-тегжейлі танысты және олардың жоғары деңгейде қаралуы үшін бар күш-жігерін салатындарын айтты.


Соңғы жаңалықтар