Сенаторлар оңтүстіктегі таза ауыз сумен қамту мәселесіне алаңдаулы

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Орынбай Рахманбердиев пен Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысындағы таза ауыз су мәселесін көтеріп, тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдады, 

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының орталығы Ленгер қаласының ауыз су құбырлары 1939-1954 жылдары аралығында жүргізіліп, жалпы ұзындығы 146 шақырымды құрап, бүгінгі күнге онымен Ленгер қаласының 30 мыңға жуық халқы ауыз сумен қамтылған. Алайда, қаладағы ауыз су құбырлары бірде бір күрделі жөндеуден өтпей кәзіргі уақытта толығымен тозығы жеткен. Оның үстіне сол кездегі жүргізілген болат құбырлардың кепілдік қызмет көрсету мерзімі өтіп кетті. Соның салдарынан кұбырлар әр жерден жарылып, тесіліп, апатты жағдай туындап, тұрғындарды тұрақты түрде ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкін болмауда. Оның үстіне құбырларының жағдайы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл өз кезегінде тұрғындар арасында инфекциялық ауру туғызу ошағына айналу қауіпі бар», дейді О. Рахманбердиев.

Оның айтуынша, Ленгер қаласындағы ауыз су кұбырының құрылысы 2010-2012 жылғы Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын жобалардың тізіміне енгізіліп, 2010 жылға 350 млн. тенге қарастырылу ұсынылған. Алайда, жобаның басталуы белгісіз себептермен 2012 жылға ығыстырылып отырған көрінеді. «Жоғарыдағы кезек күттірмейтін себептерді ескере отырып, мүмкіндігінше 2010 жылғы республикалық бюджетке 350 млн. тенгенің көлемінде қаражат қарастыру қажет», деді О. Рахманбердиев.

Өз кезегінде сенатор Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар елді мекендерде жер асты су көздерінен су шықпай қалу фактілері кездесіп отырғанын атап өтті. Оның айтуына қарағанда, осы өңірдегі жерасты су қорын анықтау мақсатында геологиялық-барлау жұмыстары осыдан 30-40 жыл бұрын жүргізілген екен. Ал негізінен жер асты су қорлары 25 жылда қайта барланып, бекітілуі тиіс. «Осыған орай, облыс бойынша жер асты су қорлары запасын анықтау мақсатында республикалық бюджеттен геологиялық-барлау жұмыстарына жыл сайын тиісті қаржы бөлінуі тиіс», деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар