Сенаторлар өңірлерде кездесу өткізіп, ел-жердің жағдайымен танысты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрудағы бастамаларын халық арасында түсіндіру мақсатында еліміздің аймақтарына аттанған болатын. Төменде бір топ сенатордың кездесулері туралы ақпараттарды ұсынып отырмыз.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Қонаев қаласында болды.

Ол аймақ активімен, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті және еліміздің саяси жүйесін сапалы трансформациялауға бағытталған конституциялық реформаның негізгі ережелерін талқылады.

Депутат құқық қорғау органдарының өкілдеріне арнаған сөзінде жұртшылық құқық қорғау және сот жүйелерінен нақты өзгерістер күтіп отырғанын айта келіп, полицияның озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен ымырашыл судьяларға орын болмауы керектігін атап өтті.

Сенатор Владимир Волков өз сөзінде Парла­мент­тің заң шығару қызметі туралы таныстырды. Оның ішінде қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды күшейту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған заңнамалық актілер туралы айтылды.

Ол сондай-ақ Конституцияның жаңартылған нормаларын және еліміз Президентінің басқа да бастамаларын іске асыру үшін 20-дан астам заңға өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті.

В.Волков сапар барысында Қарасай ауданының тұрғындарымен де кездесті.

Онда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан конституциялық реформаның негізгі ережелері талқыланды.

Ауылдық округ тұрғындары депутатқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, электрмен жабдықтау және газбен жабдықтау, жер учаскелерін бөлу, жол салу және жөндеу, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға материалдық көмек көрсету мәселелері туралы айтып берді.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нариман Төреғалиев жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында болып, Күйгенкөл, Жәнібек, Тау және Қамысты ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер өткізді және ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.

Жиында аудан орталығындағы да, аудандағы ауылдардағы да ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдардың жағдайы, азық-түлік бағасының қымбаттауы, білім сапасы, дәрігерлердің жетіспеуі мәселелері сөз болды.

Нариман Төреғалиев Қазталов ауданының бірқатар елді мекендерін аралап, жергілікті тұрғындармен де кездесті. Жиынға қатысушылар тұрғындардың түйткілді мәселелерін, сондай-ақ қабылданған бірқатар заңдарды талқылады. Сенатор Казталов ауданындағы Сарықұдық, Жалпақтал, Қараөзен, Жұлдыз, Казталовка ауылдарындағы білім беру нысандарының құрылыс барысымен және жолдардың жағдайымен танысты.

Сенатор Бөкейорда ауданында да болды, жұртшылықпен кездесті.

Тұрғындармен кездесуде жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған логистика, медицина, жұмыспен қамту және білім беру мәселелері туралы айтылды.

Сондай-ақ электр сымдарының тозуы, Мұратсай ауылындағы фельдшерлік-амбулаторияны жөндеу, мал шаруашылығына арналған су көздерін пайдалануды оңтайландыру және басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді.

Депутат барлық сұрақтардың қабылданғанын және уәкілетті мемлекеттік органдармен пысықталатынын атап өтті. Сенатор «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық тас жолының жөндеу жұмыстарымен де танысты. Депутат жұмыстың баяу жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов кәсіби медиаторлармен кездесіп, медиация саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесін талқылады.

Жүздесуге қатысушылар медиаторлардың кәсіби қызмет барысында тап болатын проблемаларды сарапқа салды.

Депутат кездесу барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарын орындау қорытындысы бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ағымдағы жылдың соңында медиаторлардың бірінші форумын өткізу ұсынылғанын атап өтті.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ұжымымен астық шаруашылығын дамытудың алдағы перспективаларын талқылады.

Кездесу депутаттың Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Шортанды ауылында өтті.

Оның барысында екі жетекші ғылыми ұйымның ғылыми әлеуетінің синергетикасы сапалы жаңа ғылыми бағдарламалар дайындауға мүмкіндік бергені туралы хабарланды.

Соның нәтижесінде Қазақ агротехникалық университеті мен Ғылыми-өндірістік орталық мақсатты қаржыландыру бағдарламасы бойынша конкурста 5,5 млрд теңге ұтып алды. Ал бұл аграрлық ғылымды бағдарламалық қаржыландырудың төрттен бір бөлігі.

Сенат депутаты Андрей Лукин елордадағы халықты жұмыспен қамту орталығы мен «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, ұйым қызметкерлерімен және қала тұрғындарымен кездесті.

Андрей Лукин мекемелерге сапары барысында азаматтар мен жұмыс берушілерге еңбек ету жөнінде делдалдық қызмет көрсету және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру барысы мен жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру жағдайымен танысты.

Сенатор сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасы бойынша елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жөнінде палатаның атқарған жұмыстар туралы, оның ішінде қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелерін шешу мен халықтың табысын арттыруға бағытталған игі істер туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді.

Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Байқоңыр, Есіл, Алматы және Сарыарқа аудандарындағы полиция басқармаларында да болды. Ол Палатаның заңнамалық жұмысы туралы басқарма қызметкерлеріне айтып берді.

Атап айтқанда, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауапкершілігін арттыру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша Сенат қабылдаған заңдарға егжей-тегжейлі тоқталды.

Сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Осакаров, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында болып, аудан әкімдерімен, сондай-ақ жергілікті мәслихат хатшыларымен және аудандық ішкі істер бөлімдерінің басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында депутат жерлестеріне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының заң шығару жұмыстары мен өткен сессияда Сенат қабылдаған заңдар туралы жан-жақты айтып берді.

Сенатор көптеген заң жобалары азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын баса айтты.

Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Сенаторлар оларға VII шақырылымның 2 сессиясы барысында атқарылған жұмыстар туралы айтып, Парламенттің осы сессиядағы қызметі азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі кешенді шаралар мен қоғамдық-саяси бастамаларды іске асыру үшін уақытында заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Депутаттар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының БАҚ өкілдерімен де кездесті. Онда БАҚ туралы заң жобасына өзгерістер енгізу, журналистердің мәртебесі, мерзімді басылымдардың қазіргі жағдайы мен кадр тапшылығы мәселелері талқыланды.

Сенаторлар сондай-ақ Шымкент қаласы Ұлттық ұланының әскерилерімен және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, материалдық-техникалық базаны, инфрақұрылымды және оқу-жаттығу базаларын аралады.

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен барды.

Сенатор Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушыларымен орта арнаулы білім беруді дамыту мәселесін талқылады.

Білім ошағының күндізгі бөлімінде 370-тен астам студент білім алуда. Сенатор оқу орнының материалдық-техникалық жағдайымен танысып, колледж оқытушыларымен әңгімелесті.

Жиын барысында білім ошағына қолдау көрсету мәселесі және студенттерге арналған шеберхана құрылысына бюджеттен қаржы бөлу қажеттігі талқыланды.

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Алматы қаласында «Алматыкітап» бас­па үйінде еңбек ұжымымен кездесті. Сенаторлар Қазақстандағы баспа нарығын дамыту барысымен таныса келіп, жаңа тәжірибелерге назар аударды.

Әлем және ТМД елдері арасында кітап басып шығару саласында үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан «Алматыкітап» баспа үйінің қызметін 200-ден астам мектеп пайдаланып отырғаны қуантады.

Мектеп мұғалімдері мен оқушылар «Алматыкітап» әзірлеген платформа арқылы үздіксіз білім беруді жалғастыра алады.

Сенаторлар Абай атындағы кітап үйінде болып, кітап саудасын жетілдіру мәселесіне назар аударды.

Сенатор Динар Нөкетаева Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде депутаттардың назар аударуын талап ететін мәселелер аясында оқу орындарының жұмысымен танысу мақсатында Азаматтық авиация академиясында болды.

Кездесу барысында сенаторға жоғары оқу орындарының жұмысы мен даму жоспары таныстырылды. Парламент мүшесі сонымен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде де болды.

ҚазҰАЗУ ғалымдары университет зерттеушілерінің ауыл шаруашылығы және орман ресурстары саласындағы соңғы ғылыми жаңалықтары туралы айтып берді.

Сенатор Дана Нұржігітова жұмыс сапары аясында Қызылорда облысының бірқатар өңірін аралап, жергілікті халықпен кездесіп, палата қабырғасындағы жұмыстар бағыты туралы баяндады.

Ол Қазалы ауданына қарасты Лақалы ауылында болып, оның жай-күйімен танысты.

Депутат ауыл орталығында орнатылған «Құрмет алаңының» ашылуында болып, мұндағы жаңадан салынғалы жатқан мешіттің алғашқы іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ сенатор ауыл тұрғындарымен еркін форматтағы кездесу өткізді.

Сенат депутаты Ләззат Қалтаева Алматы қаласына жұмыс сапары барысында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада болды.

Сенатордың сапары көп жылға жалға алынған және жағдайы нашар кітапхана үйі туралы оқырмандарының өтінішіне байланысты болған еді. Ләззат Қалтаева сонымен қатар «ЕРЗИ» әлеуметтік-оңалту орталығының қызметін пайдаланушылармен де кездесті.

Кездесуде арба пайдаланушыларға арналған қолжетімді ортаның мәселелері, оңалтуды техникалық құралдарымен қамтамасыз ету кезіндегі жекелеген әдіс-тәсілдер, сондай-ақ шипажай-курорттық емдеуге қол жеткізуге қатысты тақырыптар талқыланды.

Депутат өз сөзінде көтерілген мәселелер жүйеленіп, алдағы сессия барысында депутаттық сауалдар әзірлеу мен заң шығару жұмыстарында назарда болатынын айтты.

Сенатор Рысқали Әбдікеров жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды.

Нұра ауданының бөлім басшыларымен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуде Талдысай, Соналы, Құланөтпес ауылдық елді мекендерінде ұялы байланыс пен интернеттің болмауы, сондай-ақ Баршын, Жанбөбек, Тікенекті ауылдарында интернеттің төмен жылдамдығы, мемлекет есебінен жайылымдарды суландыру және ауыл әкімдері деңгейінде дамбалар, еріген суды жинау үшін бөгеттер, ауыл малын суару сияқты мәселелер көтерілді.

Сенатор депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жеке бақылауға алынатынын атап өтті.

Депутат сапар барысында Нұра ауданының полиция бөлімі және «Халықты жұмыспен қамту орталығында» болды, Ахмет ауылында «Н.С.Қоғабаев» шаруа қожалығы ұжымымен жүздесті. Сондай-ақ Шет ауданы Өспен ауыл округінде халықпен кездесу өткізді.

Теміртау қаласына сапар барысында қала активімен, прокуратура ұжымымен, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында тұрғындарымен кездесті.

Сенат депутаты қала активімен жүздесуде елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сенатор сондай-ақ өңірдің жетекші ақпараттық басылымдары облыстық «Индустриальная Караганда», «Ortalyq Qazagstan» газеттері, «Life 09» интернет БАҚ, «Saryarqa news» ақпараттық порталы кіретін «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің ұжымымен, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде пенитенциарлық жүйесінің қызметкерлерімен және қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Саран қаласына сапар барысында сенатор қалалық сотта болып, онда екі жыл бұрын Қарағанды өңіріндегі басқалармен қатар, халыққа ыңғайлы болу үшін жабдықталған фронт-кеңсе жұмысымен танысты.

Сенаторлар Нұрлан Бекенов пен Бекболат Орынбеков Ақмола облысының Ақкөл ауданына жұмыс сапары барысында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.

Парламентшілер Палатаның VII шақырылымының 2 сессиясы жұмысының қорытындылары, қаралған мәселелердің тізбесі, мақұлданған нормативтік-құқықтық актілер мен пысықтауға жіберілген жобалардың саны туралы айтып берді.

Кездесуге қатысушылар сонымен қатар еліміздің жоғары заң шығарушы органының жұмысына қатысты Конституцияға түзетулерді жүзеге асыруды, сондай-ақ Сенат жұмысындағы бүгінгі басымдықтарды талқылады.

Мәслихат депутаттары өз кезегінде аудандағы жағдай туралы айтты және өзекті мәселелермен бөлісті. Сенаторлар қоғамды толғандырған сұрақтарға жауап берді және олардың шешілуге көмектесетіндерін жеткізді.

Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Тараз қаласында сапарда болып, бірқатар нысандардың жұмыстарымен танысты.

Сенатор «Арай-2» шағынауданындағы әлеуметтік дүкенде, «Арай» және «Барысхан» тұрғын алқаптарындағы мектептерде, аудандық жылыту қазандығында (РК-4), 200 орынды онкологиялық ауруханада, 150 орынды оңалту орталығында, 15 шағынауданында және Талас өзенінің жағалауында болып, нысандардың жағдайынан хабардар болды.

Депутат мектеп, оңалту орталығы құрылыстарын және өзен жағалауын бекіту жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауға назар аударды.

«Таразэнергоорталығы» АҚ-ның апатты жағдайдағы мұржасын жөндеу, аудандық қазандық маңынан қосалқы қазандық салу мәселелерін қарастыру керек екенін айтты.

Депутаттар Бекболат Орынбеков пен Әбдәлі Нұралиев жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының Жуалы ауданында болды.

Сенаторлар «Бірлік» және «Бақыт» шаруа қожалықтарының қызметімен, Нұрлыкент ауылындағы сүт тауары фермасының құрылысындағы «Гамбург» ЖШС жұмысымен танысты, сондай-ақ күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №30 Көктөбе орта мектебінде болды.

Парламентшілер жұмысты сапалы жүргізуге баса назар аударды.

Сенатор Ольга Булавкина жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында болды. Депутат Рулиха ауылындағы тауарлы-сүт фермасы мен Пруггерово ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысымен танысты.

Пруггерово ауылында болған кезде сенатор жалпы құны 464 миллион теңгеден асатын су құбыры құрылысының барысын көрді. Қазір құбырдың құрылысы аяқталуға жақын.

Облысқа сапары барысында көтерілген түйткілді мәселелердің бәрін депутат бақылауға алатынан айтты.

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы жұмыс сапарымен Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында болды. Сенатор бақша дақылдарын өндіру барысымен танысып, Жайылма ауылының диқандарымен кездесті.

Қарбыз өндірісі ауыл тұрғындарының жыл сайынғы негізгі табыс көзі. Депутат бұл мәселелерді облыс диқандарымен талқылады.

Ол сондай-ақ Сүттіқұдық ауылдық округіндегі 800 гектар жаңа суармалы жерді айналымға енгізуге арналған инфрақұрылым құрылысымен танысты.

Жұмыс сапарының соңында жергілікті атқарушы органдармен кездесу барысында облыстың түйткілді мәселелері талқыланды.

Сенат депутаты Сағындық Лұқпанов жұмыс сапарымен Атырау облысындағы бірқатар елді мекендерде болды, кәсіпкерлермен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.

Сенатор Махамбет ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралап, Ақжайық ауылында орналасқан ауданы 22 гектар болатын жылыжай құрылысымен танысты.

Депутат Исатай ауданындағы бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысынан хабардар болып, аудан орталығындағы жуырда ғана аяқталған 320 орындық мектеп құрылысын көрді.

Сенатор кездесулер барысында өткен сессияда қабылданған заңдардың негізгі нормаларын жан-жақты түсіндірді және палата қызметінің қорытындыларына тоқталды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесі, жолдар, өңірдегі ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.





Фото: senate.parlam.kz


Соңғы жаңалықтар