Сенаторлар мал шаруашылығын дамытуға жаңа серпін беретін құжатты талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат депутаттары Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауыл шаруашылығындағы асыл тұқымды малға селекция жұмыстарын біріздендіру шаралары туралы келісімді ратификациялауды талқылады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сенатор Мұхтар Жұмағазиевтің айтуынша, бұл құжат қазақстандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады және өзара саудадағы кедергілерді жояды. Бұл мал шаруашылығы нарығының дамуына оң әсер етеді деген сөз.

«Келісім асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын жетілдіруге, оның инновациялық дамуы үшін құқықтық негіз қалауға, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ геномдық реттеуді қолдану арқылы ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» - деді сенатор Мұхтар Жұмағазиев.

Кездесуге сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов қатысты.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары заң жобасын Палатаның қарауына жіберуді ұйғарды.


Соңғы жаңалықтар