Сенаторлар Қызылордада облысындағы шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы және Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Жаңақорған және Шиелі аудандарына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс - сапар барысында сенаторлар аудандардың тыныс тіршілігімен, жергілікті шаруа қожалықтары мен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралап олардың жұмысымен танысты.

Атап айтқанда, Жаңақорған ауданында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы «Жан-Арай» ЖШС-ның алма бағын, «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасының құрылысын, «7kz Сыр табиғаты» ЖШС-ның жеміс көшеттерін дайындайтын тұқым шаруашылығын, «Премиум Класс Строй» ЖШС-ның әк тас шығару зауытын, «Түгіскен» ЖШС-ның жұмыстары, ал Шиелі ауданында Ақмая шаруа қожалығы егістігімен, «Шиелі құс» ЖШС-ның, Көкшоқы микроаудандағы 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылыс жұмысымен танысты.

Сенаторлар, аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтижелер бар екеніне тоқталып және осы мақсатта бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті.

Дегенмен, кездесу барысында өңірлердің бірқатар өзекті мәселелері айтылды. Мәселен, су жетіспеушілігі. Бүгінгі күні аудан аумағына Сырдария өзенімен жоғарыдан секундына 50 м3 су түсіп жатыр. Облыстағы ұсақ малдың (қой) 50 пайызына жуығы Жаңақорған ауданында өсіріледі. Қазір мал қырда жайлауда, күзде қырдан қыстаққа түседі. Осы кезеңде малды сумен қамтамасыз етуде су тапшылығы туындау және мал шығынына ұшырау тәуекелдері өте жоғары. Мәселені шешу үшін жоғарыдан секундына 200 м3 көлемінде су бөлінуі қажет.

Сонымен бірге, аудандағы Шалқия кен орнында полиметал рудасын өнеркәсіптік игеруде өндірістік кәсіпорын жобалық-сметалық құжаттамаларда негізделгендей Сырдария өзенінің суын пайдалану орнына, жер асты суларын пайдалануда. Осы себептерден аумақтағы жер асты сулары тартылып, жергілікті тұрғындарға ауыз су және басқадай қажеттіліктерге су жетіспеушілігі орын алуда.

Сондай-ақ, Түгіскен алқабын суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында Сырдария өзенінің бойына 1,5 млрд. теңге қаражат бөлініп қалқыма тоспа салынған болатын. Қазіргі уақытта, қалқыма тоспаны салу барысында атқарылған жұмыстардың сапасыздығы себепті істен шыққан. Осыған байланысты Түгіскен алқабына берілетін су көлемі күрт төмендеген. Қазіргі күні алқапта орналасқан елді-мекендер мен шаруашылықтардың бау-бақша, егістіктеріне және басқаларына су жетіпеушілік орын алып отыр. Орын алған мәселені шешу үшін, мемлекет тарапынан қаражат қарастырылып қалқыма тоспаны жедел қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Келесі мәселе, Жаңақорған ауданындағы 2018 жылы іске қосылған «Премиум Класс-Строй» ЖШС зауыты жылына 100 мың тоннаға дейін әк тас өндіреді. Әк тас зауыты бүгінгі күнге дейін газ құбырына қосылмаған. Құбырға қосылу шығындарының жоғары болу себебінен зауыттың өз күшімен қосылу мүмкіндігі жоқ. Осы мәселені шешуге мемлекеттік қолдау қажет. Зауыт газға қосылған жағдайда, ондағы өндіріс көлемі артып, жылына 500 мың тоннаға дейін әк тас өндіретін болады.

Өзекті мәселенің бірі өңірлердегі шағын құс шаруашылығына қолдау көрсету. Мысалы, «Шиелі құс» ЖШС-і 20 мың бас жұмыртқа бағытындағы құс ұстайды. Бұл шағын шаруашылықта күніне 15 мыңға жуық жұмыртқа өндіріледі. Бүгінгі күні құс шаруашылықтарына Ауыл шаруашылы министрлігі белгілеген тәртіпке сәйкес тағамдық жұмыртқа өндіру құнын арзандату мақсатында субсидия бөлінеді. Бірақ, аталған субсидия ірі құс фабрикаларына қарастырылған (өткізілген жұмыртқа кемінде 20 миллион данадан басталатын өндіріске беріледі). Осы себепті өңірлердегі шағын және кіші құс шаруашылықтарының өркендеуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді, яғни субсидия беруді қарастыру керек. Бұл өз кезегінде жергілікті халықты арзан тағамдық жұмыртқамен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, аудан әкімдіктерінің мәжіліс залында аудан ардагерлері, мәслихат депутаттары, мекеме-бөлім басшылары, мектеп директорлары және БАҚ өкілдері мен кездесу өткізді. Кездесу барысында Сенаторлар Парламент Сенатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысын таныстырып, аудан ардагерлері, шаруа қожалық иелері тарапынан айтылған бірнеше мәселелер мен ұсыныстар мен пікірлерге жауап берді.

Сенат депутаттары айтылған мәселелер мен ұсыныстарды шешуге атсалысатындарын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар