Сенаторлар «ҚазАгроны» сауықтыру мәселесін көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «ҚазАгро» холдингін сауықтыру бойынша қадамдардың іске асырылу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын талқылау барысында сенаторлар «ҚазАгроны» сауықтыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бекітілген тиісті шаралардың жүзеге асырылуы туралы сұрады. Осы орайда екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге несие бермейтіндігі, ал «ҚазАгро» екі жыл бойы шығынмен жұмыс істеп жатқандығы айтылды.

Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов «ҚазАгро» холдингін сауықтыру бойынша тұтас құжаттың жоқ екенін жеткізді.

«Біз мемлекеттік комиссияда бекіткен қаржылық модель бар. Ол қосымша капиталдандыруды және купондық сыйақыны субсидиялауды қарастырады. Осы орайда әр жыл бойынша қандай шаралар атқарылатындығы ескерілген», - деді Р. Құрманов.

Сонымен қатар ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов аталған холдинг бойынша неліктен осындай қаржылық модель қабылданғанын түсіндірді.

«ҚазАгроның» жаңа басшысы тағайындалды, осы орайда толықтай талдау жүргізіп, портфельге ревизия жасау мақсаты қойылды. Сонымен бірге, Есеп комитеті тексеруінің аяқталуын күтіп тұрмыз, осыдан кейін шілде-тамызда жағдайдың толық сипаты көрінеді. Жыл соңына дейін қажетті шаралар атқарылады, себебі проблеманы міндетті түрде шешуіміз керек. Ең бастысы - проблемаларды анықтау керек. Бұл тұрғыда екі тексеріс ескерілген. Әзірге, талдау және тексеріс шаралары аяқталғанша, біз көмек көрсету шешімдерін қабылдай алмаймыз», - деді Б. Шолпанқұлов.

Соңғы жаңалықтар