Сенаторлар Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының жұмысына қатысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Бауыржан Қаниев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясылық жұмысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар ЕКПА Төрағасы Тини Кокспен, ЕКПА-дағы Еуропа халықтық партия тобының жетекшісі, поляк депутаты Александр Почеймен, ЕКПА Төрағасының орынбасарлары – Франция мен Литваның, Венгрия мен Түркияның ұлттық делегацияларының басшылары Бертран Буикс, Жолт Немет, Ахмет Йылдыз және Эмануэлис Зингериспен кездесті.

Нұрлан Бекназаров пен Бауыржан Қаниев елімізде жүргізіліп жатқан реформалар, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу саласындағы демократиялық жаңару, гендерлік теңдікті күшейту, оның ішінде Парламентте және Үкіметте әйелдердің өкілдігін кеңейту, сондай-ақ алдағы кезектен тыс Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы туралы кездесулерге қатысушыларға айтып берді.

Депутаттар Еуропалық консерваторлар тобы мен ЕКПА Демократиялық альянсының отырысына да қатысып, басқа елдерден келген әріптестерімен бірге өңірлік даму және қауіпсіздікті нығайту мәселелерін талқылады.

Ассамблея басшылығы Қазақстанға демократиялық мемлекет құруға жан-жақты жәрдемдесуді жалғастыра беруге және ҚР Парламентімен тұрақты байланыста болуға дайын екенін білдірді.


Соңғы жаңалықтар