Сенаторлар еркін экономикалық аймақтар туралы заңды мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағында еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Әлібек Нәутиевтің айтуынша, келісімге өзгерістер енгізу 2018 жылы еркін кеден аймағының кедендік рәсімін қолдануды реттейтін Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексінің қабылдануына байланысты.

«Хаттамаға сәйкес келісімнен кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде бекітілген нормалар алынып тасталады. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың және одақтың Кеден кодексі нормаларына сәйкес терминологияны өзектендіру көзделеді. Хаттамаға сәйкес еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылатын Арнайы экономикалық аймақ аумағы, осы Одаққа мүше мемлекеттің заңнамаларына сәйкес айқындалады. Еркін кеден аймағының, кедендік рәсімі қолданылатын Арнайы экономикалық аймақ аумағында, еркін кеден аймағының кедендік рәсімімен енгізілген шетелдік және Одақтың тауарлары орналастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес, тыйым салынған тауарларды қоспағанда, шетелдік және Одақтың өзге де тауарлары болуы мүмкін», - деді ол.

Сенатордың атап өтуінше, хаттамада Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес Арнайы экономикалық аймақ аумағында кейбір санаттағы тауарлардың болуына және пайдаланылуына тыйым салу мүмкіндігі көзделеді. Хаттама талаптары бойынша Арнайы экономикалық аймаққа тіркелген резидент міндетті түрде Еуразиялық экономикалық одақтың сайтында кәсіпорын мәліметтерін жариялау қажеттігі және еркін кеден аймағының кедендік рәсімдері одақтың Кеден кодексіне сәйкес қолданылатындығы қарастырылған.

«Келісімді ратификациялау туралы Заңның қабылдануы теріс құқықтық, әлеуметтік – экономикалық салдарға әкеп соқпайды. Заң жобасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулер мен ұсыныстар болған жоқ», - деді Әлібек Нәутиев.


Соңғы жаңалықтар