Сенаторлар білім сапасы мен жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады

Фото: Фото: senate.parlam.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенатта «Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру, сапалы орта білім беруді қамтамасыз ету, жоғары және кәсіптік-техникалық білім берудің даму үрдістері» тақырыбында дөңгелек үстел болды деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Сенат депутаттары, уәкілетті және мүдделі министрліктер, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстық мәслихаттардың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалары, білім беру және қоғамдық ұйымдардың, педагогикалық қоғамдастық өкілдері қатысты.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп қазіргі жағдайда техникалық және кәсіптік жоғары білім беру жүйесі неғұрлым икемді әрі тиімді болуы, экономика үшін қажетті және керек кадрларды даярлауға тиіс екенін атап өтті.

«Еліміздегі білім беру жүйесін сандық көрсеткіштер ғана емес, сапалық көрсеткіштерге орайластырып негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Біздің комитет бүгінгі шараны ұйымдастыру жөніндегі жұмыс аясында бірнеше кездесу өткізді. Білім беру, оқыту процестеріне заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізуге, педагогтердің сапасы мен біліктілігін арттыруға, еңбек нарығындағы мамандықтар бәсекесін арттыруға және жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Бұл бағыттар бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деді Нұртөре Жүсіп.

Кездесу барысында Білім, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері баяндама жасады.

Депутаттар дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар