Сенаторлар Байзақ ауданының тұрғындарына жаңа заңдарды түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиевтің Жамбыл облысындағы жұмыс сапары Байзақ ауданында жалғасты, деп хабарлайды Жоғары Палатаның баспасөз қызметі.

Сенаторлар тұрғындармен кездесулерде заңнамадағы өзгерістер туралы және «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-25 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелерін түсіндірді.

Абдалы Нұралиев Парламенттің жоғарғы палатасының заң шығару қызметі туралы хабардар етіп, заңнамадағы есірткі саудасына, мас күйінде көлік жүргізуге, кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсету мен мал ұрлығына қатысты өзгерістерге назар аударды.

Парламентшілер сондай-ақ жергілікті жастардың ресурстық орталығының жұмысымен танысты. Депутаттар аудандық жұмыспен қамту орталығында көп балалы аналарға жаңа жүйе бойынша атаулы әлеуметтік көмек төлеу ережелері туралы айтып, тұрғындар арасында осындай түсіндіру шараларын өткізудің маңызды екенін атап өтті. Жиналғандар өздерінің көкейкесті сұрақтарына жан-жақты жауап алды.

Парламент жоғарғы палатасы депутаттарының жұмыс сапары Сарыкемер ауылының спорттық-сауықтыру кешенінде аяқталды. Мұратбай Жолдасбаев кездесу барысында жұмыс сапарының мақсаты туралы айтып, облыстағы өзекті мәселелер бойынша жүзеге асқан депутаттық сауалдарға тоқталды.

Соңғы жаңалықтар