Сенаторлар балық шаруашылығын дамыту үшін жеке агенттік құру қажет деп санайды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне балық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Жобаны талқылау барысында бірқатар сенаторлар Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағындағы Балық шаруашылығы комитетін жеке агенттік ретінде қайта құру мәселесін көтерді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандағы балық шаруашылығы өзіндік биік деңгейде болуы шарт. Ал саланың деңгейін көтеру үшін балық шаруашылығын құрылымдық, басқарушылық, қаржылық жағынан қамтамасыз етуді түбегейлі өзгерту қажет. Бұнда ғылыми мәселелер де алға жылжуы тиіс. Өйткені, бүгінгі күні еліміздің байлығы болып табылатын алып шаруашылықтың тарам-тарамы шығып отыр. Соның салдарынан шаруашылық тоналып, құлдырап барады», деген сенатор Ғани Қасымов балық шаруашылығын дамыту мақсатында жеке ведомство құрылу қажеттігін алға тартты.

Өз кезегінде әріптесі көтерген мәселені қолдаған депутат Қайрат Ищанов, бұл салаға мемлекеттік бетбұрыс қажеттігіне назар аудартып отыр. Оның айтуынша, 1970-80 жылдары Атырау балықшылары ғана Үкіметке  жылына 15-20 мың тонна қызыл балық, мың тонна уылдырық тапсыратын болған. Ал қазіргі күні аймақтағы қызыл балық лимиті 300 тоннаға жетпей отырған көрінеді. «Сонымен бірге, бүгінгі күні қазына қаржысынан ауыл шаруашылығына миллиардтаған теңге субсидия бөлінеді. Бірақ, сол Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы балық шаруашылығына бір тиын да бөлінбейді», деді сенатор.

Ал депутат Сәрсенбай Еңсегенов балық шаруашылығын үлкен әлеуметтік мәселе ретінде қарау қажеттігін атап өтті. «Балық шаруашылығындағы қалыптасқан жағдайды оңалту бұл осы саламен тұрмысын, өмірін тығыз байланыстырған мыңдаған азаматтарымыздың сенімін күшейту, болашаққа деген үмітін нығайту деген сөз.  «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», деген мақал бар. Ал сол балық ел басына түскен қиын заманда өңірлердегі халықтың құрып кетпеуіне мүмкіндік жасаған ең асыл байлығымыз. Яғни, табыстың көзі ғана емес, өмірдің өзегі болды», деді С. Еңсегенов. Оның айтуынша, бұрынғы одақ кезінде 15 республиканың 4-еуінде ғана балық шаруашылығы министрлігі болса, соның біреуі Қазақстанда құрылған. «Балық шаруашылығы комитетінің Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағында болуы мәселені түбегейлі шешуге еш мүмкіндік бермейді. Сондықтан да, нақты проблемаларды шешу үшін балық шаруашылығы өз алдына дербес агенттік ретінде құрылуы тиіс», деді сенатор.  

Соңғы жаңалықтар