Сенаторлар аймақтарда тұрғындармен кездесті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрудағы бастамаларын халық арасында түсіндіру мақсатында аймақтарда кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қонаев қаласында болып, энергетика, кәсіпкерлік, ауыл және балық шаруашылығы саласындағы нысандарды аралады. Сенатор «ЛСТ Агро» жылыжай кешенінің жұмысымен және өнім өндіру үрдісімен танысты. Ол осы өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама жүзеге асып жатқанын айта келіп, аймақтың табиғаты көкөніс дақылдарын өсіру үшін өте қолайлы екенін және салаға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті.

Ақылбек Күрішбаев өңірдегі «Оспанова Девелопмент» ЖШС балық шаруашылығы кешенінде де болды. Кешен балық өнімдерінің импортын қысқартуға және инновациялық жоба іске асқаннан кейін экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сенатор Іле өзенінің Қапшағай шатқалында орналасқан су-энергетика кәсіпорнының да жұмысымен танысты.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар және атқарушы билік саласындағы жаңалықтар туралы айтты.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Дүйсенғазы Мусин, Мұхтар Жұмағазиев, Әбдәлі Нұралиев пен Сұлтан Дүйсембинов Шығыс Қазақстан облысында болды. Сенаторлар жұмыс сапары барысында Ұлан ауданындағы «OST Fish» ЖШС балық шаруашылығының қызметімен танысты. Балық шаруашылығының басшылары бекіре балықтарын өсіру мен азықтандырудың ерекшеліктері, уылдырық өсіру мен алудың технологиялық процесі туралы хабардар етті. Парламентшілер Алтай өңіріндегі агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен аймақтағы фермерлік шаруашылықтарды да аралап, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жай-күйін көріп шықты. Сенаторлар ауданның ел аграрлық секторы мен ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Сенаторлар Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданында болып, Долинное, Алғабас, Теректі ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Депутаттар кездесулер барысында Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жұмыстары туралы хабардар етті. Долинное және Алғабас ауылдарының тұрғындары әлеуметтік нысандарды газдандыру, балабақша ғимаратын күрделі жөндеу, ауылға ауыз су тарту мәселелерін қозғады. Сенаторлар аудан орталығының тұрғындарымен аудандық емхана мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын талқылады. Жаңа өмір ауылының тұрғындары үй құрылысына арналған жер телімдеріне электр желілерін қосуға, мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға және қосымша жедел жәрдем көлігін бөлуге көмектесуді сұрады.

Сенаторлар Бөрлі ауданында да болды. Жарсуат, Приуральное және Облавка ауылдарының тұрғындарымен кездесуде ауыз су, жер қатынастары, кентішілік жолдарды жөндеу, электр желілерінің тозуы, Облавка ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пен мектеп салу мәселелерін талқылады. Депутаттар ауылдағы өзекті мәселелер тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдардың назарына жеткізілетінін атап өтті. Парламентшілер құс және егіншілікпен айналысатын «Жарсуат» ЖШС қызметімен, мектеп және желкенді антенна құрылысының барысымен танысты. Амангелді-Успенская және Подстепное-Федоровка-Ресей Федерациясы шекарасы жолдарының құрылысын сапалы салу қажеттігін атап өтті. Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарын аралап, аудан орталығы мен Ханкөл ауылының тұрғындарымен кездесті. Нариман Төреғалиев Сенаттың атқарған жұмысы мен Конституцияға енгізілген өзгерістер, Президенттің бастамаларын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламентшілер қабылдаған шаралар және Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыруға қажетті жаңа заңдар туралы кездесуге қатысушыларына айтып берді. Жергілікті тұрғындар өз кезегінде тұрғын үй беру және жерді пайдалану, азық-түлік бағасының өсуі, өнеркәсіпті дамыту және жаңа мектеп салу мәселелерін көтерді.

Парламент депутаттары Алмаз, Ақшат және Шыңғырлау ауылдық округтерін де аралады. Тұрғындардың айтуынша, аудан орталығын көктемгі және күзгі кезеңдерде елді мекендермен байланыстыратын Сегізсай-Ақшат-Шыңғырлау жолын су басады, кей жері шайылып кетіп халыққа қиындық туғызады. Сенаторлар көтерілген барлық мәселелер тиісті мемлекеттік органдардың назарына жеткізілетінін және бақылауға алынатынын атап өтті.

Сенатор Ләззат Сүлеймен Жетісу облысына жұмыс сапары барысында Сарқан және Алакөл аудандарында болып, жергілікті халықпен және әкімдіктерінің өкілдерімен кездесті.

Сенатор Сарқан ауданының өкілдерімен кездесуде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді азаматтарға уақытша пайдалануға беру, тұрғын үйлер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ғимараттарын күрделі жөндеуге қаржы бөлу мәселелерін талқылады. Ал, аудан тұрғындарымен кездесуде бос тұрған «Қазпошта» АҚ ғимаратын жастар спорт секциясын ашу үшін аудандық коммуналдық меншікке беру, жайылымдық және суармалы жерлерді бөлу, қоқыс жинау және қайта өңдеу, медициналық көмек көрсету және әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді.

Сенатор Алакөл ауданында «Дипломмен ауылға», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларының жүзеге асуы және мәдениет үйінің салыну барысымен, сондай-ақ облыстың шалғай ауылдарындағы шаруа қожалықтарының қызметімен танысты.

Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның әлеуметтік маңызы бар нысандарының жағдайымен танысты.

Сенатор Құлан ауылындағы Кенжебек Бекебаев атындағы орталық стадионда, 80 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйде және мектеп-гимназияда болды. Онда қажетті инфрақұрылым құрылысы басталып, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Депутат басталған жұмыстардың уақытында және сапалы аяқталуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ескі ұңғымаларды тазартуды және егістіктерді тамшылатып суаруды қамтамасыз ететін «Жамбыл-БТТ» шаруа қожалығының жұмысымен де танысты.

Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына сапары барысында қайта жөндеуден өткен «Металлург» стадионында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Заманауи стадионда әкімшілік ғимарат, асхана, командалық ойындарға арналған спорт залдары, спорттық тренажерлар мен ойын алаңдары қарастырылған. Жобалық жоспарға сәйкес, «Металлург» стадионын қайта жөндеу жұмыстары осы жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр. Сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесіп, Шымкент тұрғындарынан түскен өтініштерді талқылады.

Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы мен қалалық әкімдіктің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де болып, басқарма және орталық қызметкерлерімен кездесті. Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшылығы мен қызметкерлері сенаторға құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Андрей Лукин өз кезегінде Палатаның заңнамалық жұмысы туралы кездесуге қатысушыларды жан-жақты хабардар етті. Депутат «Қамқор» орталығында көрсетілетін қызметтермен, оның материалдық және техникалық жабдықталуымен танысты.

Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қарасты мекемелерде де болды. Ол «Шарапат» және «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, қарттарға, мүгедек адамдарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының және басқа да ұжымдармен кездесті. Бұл орталықтардың мақсаты - өмірде қиын жағдайға тап болған әрбір азаматқа, отбасына психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсету, сондай-ақ жан-жақты қолдау жасау. Ұйымдар көп балалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, егде жастағы адамдарға, белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға да қолдау көрсетеді.

Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында Жаңатілек және Баянауыл ауылдық округтерінде болып, әкімдермен, жергілікті бюджеттік ұйымдардың өкілдерімен және аудан активімен кездесті. Депутат Палатаның заң шығару жұмысы және өткен сессияда Сенатта қабылданған заңдар туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді. Нұржан Нұрсипатов заңдар азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражатын тиімді игеру мәселелері талқыланды. Жергілікті жұртшылық өкілдері өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты. Сенатор көтерілген мәселелердің барлығы заң шығару қызметі барысында ескеріліп, тиісті мемлекеттік органдармен пысықталатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар