Сенаторлар аймақтағы кадр тапшылығына алаңдаушылық білдірді

None
None
БӨРЛІ. ҚазАқпарат - Сенаторлар өңірлердегі дәрігер жетіспеушілігі, нәрестелердің дер кезінде тексерілмеуі мен аурудың алдын алу мәселелеріне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында болып қайтты.

Парламентшілер аудандық ауруханада медициналық қызметтің жай-күйімен танысты. Сенаторлар сәбилердің дер кезінде тексерілмеуіне және аурудың алдын алу шараларының кенже қалып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Кейінгі жылдары балалардың сөйлеу мен есту қабілетінің бұзылуы байқалып отыр. Дәрігерлер оны ата-аналардың жұмысбасты болып, балаларды дер кезінде тексеру мен спорттық дамуына назар аудармауына байланысты екенін айтты. Ауданда салмағы ауыр балалар мен ересектер саны артып келеді.

Дәрігерлер қауымы қазіргі кезде ауданда түрлі мамандықтағы 15 дәрігер жетіспейтінін жеткізді.

«Кадр тапшылығы басқа аймақтардағы сияқты 25 пайыздық ауылдық жеңілдіктердің болмауына байланысты болып отыр. Аудан орталығында сонымен қатар жеке медициналық клиникалар да бар. Жоғары білікті мамандар көбірек жалақы ұсынатын мекемелерге кетеді», - дейді бюджет саласының қызметкерлері.

Депутаттар мүмкіндігі шектеулі балалар мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Аурухана жанындағы оңалту орталығында орталық жүйке жүйесі бұзылған 40 бала есепте тұр, мамандардың көмегімен олардың жартысы өз бетінше отыруды үйренді.

Сенаторлар педагогтармен кездесу барысында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңды талқылады.

Оқытушылар балабақшалардағы тәлімгер тәрбиешілерге мектептегі тәлімгерлікке ұқсас қосымша ақы төлеуді ұсынды. Н.Төреғалиев бұл мәселе бақылауға алынғанын және салалық министрліктер өкілдерімен талқыланатынын атап өтті. Педагогтар сонымен қатар мектеп, балабақша басшыларының еңбекақысы туралы мәселелерді де көтерді. Сенатор білім беру мекемелері басшыларының жалақысы 2020 жылдан бастап көтерілетінін, сондай-ақ 2022 жылдан бастап басқару шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу жоспарланғанын түсіндірді.

Аудан активімен кездесу барысында жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекке қатысты жаңалықтарды, зорлық-зомбылық пен мал ұрлығы үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер түсіндірілді.

Аудан тұрғындары тарапынан Кеңтүбек ауылының мәртебесін анықтау, Жарсуат ауылы аймағында Жайық өзенінің жағасын нығайту, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру және тағы басқа мәселелер көтерілді.


Соңғы жаңалықтар