Сенаторлар Атырау облысының өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Депутаттар Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысын Атырау облысында өткізді. Кездесудің тақырыбы өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылау болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыс жұмысының ашылу барысында комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев инновациялар мен жоғары технологияларды тарта отырып, ішкі нарыққа бағдарланған өңдеуші өнеркәсіпті дамыту қажеттігін атап өтті.

«Бүгін отырыста орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңдеуші өнеркәсіптің жүйелі мәселелері қаралып, талқыланды. Бизнес өкілдері тарапынан Комитеттің одан әрі заңнамалық жұмысында қарастыруды және ескеруді, оның ішінде қажет болған жағдайда орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнамаларға тиісті түзетулер әзірлеуді қажет деп санайтын нақты сұрақтар мен ұсыныстар айтылды», - деді сенатор Алдашев.

Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен. Өңдеу өнеркәсібі бұл ретте 14,6%-ға өсіп, 231,8 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, отырыс аясында сенатор Сағындық Лұқпанов ел экономикасын одан әрі дамытуға қажетті көмірсутек шикізатын өңдеудің түйткілді мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ жиын барысында Инвестициялар комитетінің өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша баяндама жасады.

Депутаттар көшпелі сессия аясында облыстағы газ-химия кешенін, аралас циклді газ турбиналық электр станциясын, полимер және кабель өнімдерін шығаратын зауыттарды, мал шаруашылығы кешенін және басқа да бірқатар өндірістік нысандарды аралады.


Соңғы жаңалықтар