Сенаторлар «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының өкілдерімен кездесті

None
None
күйектің 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің мүшелері «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасында болып, отандық алдыңғы қатарлы кәсіпорындар басшыларымен, экономикалық палата өкілдерімен кездесті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жүздесу барысында еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау саласын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кездесуді ашып сөз сөйлеген экономикалық және өңірлік саясат комитетінің хатшысы Талғатбек Абайділдин Мемлекет басшысының Парламент сессиясын ашу барысындағы алға қойған стратегиялық міндеттерінің маңыздылығына тоқталып өтті. «Кәсіпкерлік секторды дамыту кез келген мемлекет экономикасының негізі болып табылады. Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдаудың  жағдайына Елбасы Парламенттің осы жылғы сессиясын ашу барысында да баса мән берген болатын. Атап айтқанда, Президент кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнес үшін іскер климатты барынша  жақсартуды, еліміздегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыруды  алдыға міндет етіп қойды. Осыған орай, кәсіпкерлік қызмет саласын реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге баса назар аударып, ондағы проблемаларды отандық кәсіпкерлерден жүзбе-жүз естіген орынды», деп атап өтті сенатор Т. Абайділдин. Сонымен бірге, депутат бүгінгі таңда елімізде бизнесті жүргізу шарасы оңтайландырылып, салық жүктемесі төмендетіліп, әкімшілік кедергілерді жою жұмыстары біртіндеп атқарылып жатқанына назар аудартты.

Өз кезегінде «Атамекен» одағы» палатасының төрағасы Азат Перуашев, дағдарыс барысында кәсіпкерлік саласында орын алған проблемалар мен оны шешу жолдары туралы ұсынысын ортаға салды.  Жиын барысында сондай-ақ, шағын және орта бизнесті несиелеу мәселелері, жеке кәсіпкерлік туралы заңнаманы жетілдіру шаралары, қазіргі дағдарыс жағдайында бизнесті мемлекеттік қолдаудың оңтайландырылған әдістері туралы әңгіме өрбіді.

Кездесуге экономиканың түрлі саласында қызмет ететін отандық кәсіпорын басшылары, жеке кәсіпкерлікті дамытуға жауапты қаржылық институт жетекшілері де қатысты.

Соңғы жаңалықтар