Сенаторлар әскерилердің баспана мәселесін шешуге бағытталған құжатқа түзету енгізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасының мақсаты - арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық мәртебесін арттыру, оларға және олардың отбасы мүшелеріне тұрғынжайға құқықтарын іске асырудың тең мүмкіндіктерін белгілеу, әскери қызмет өткеру мәселелері бойынша заңнамадағы қайшылықтар мен олқылықтарды алып тастау.

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтың айтуынша, осы бағытта үш заңға түзету енгізіледі.

«Тұрғын үй қатынасы туралы» заңда мыналар қарастырылған:

- бірінші - қайтыс болған әскери қызметшінің, арнаулы орган қызметкерінің отбасы мүшесіне қызметтік баспананы жекешелендіру, ақшалай өтемақы алу, айырбастау құқығын беру;

- екінші - қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру;

- үшінші – қызметтік үймен екі рет қамтамасыз етуді шектеу;

- төртінші – «модульді тұрғын үй» ұғымын енгізу.

«Бұл жабық әскери қалашықта жылдам тұрғызылатын, қажет болса тұрған жерін ауыстыруға болатын тұрғын үй. Мұндай үйді сатып алу қысқа уақытта әскерді тұратын орынмен қамтамасыз етуге, ал геосаяси жағдай өзгергенде, оларды шығынсыз басқа жерге көшіруге мүмкіндік береді», - деді С. Қамалетдинов.

«Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңда:

- әскери қызметшінің құқықтары мен міндеттерін кеңейту;

- аттестаттау кезінде полиграфологиялық зерттеу жүргізу;

- қызметтен кеткен соң, оған қайта кіргенге дейін үш айдан аспаса оны үздіксіз деп белгілеу - деп атап көрсетілген.

Палата депутаттары заң жобасын талқылау барысында әскери қызметшілердің құқықтарын реттеу мәселелерінде кешенді көзқарасты қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 6-бабы 2-тармағының қолданыстағы редакциясын сақтау бөлігінде өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.

Осы орайда құжатты талқылаудан кейін, Сенат енгізген түзетумен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар