Әскери авариялық-құтқару қызметін мемлекетке қайтару керек - Сенат

2022 жылғы 29 қыркүйек, 13:30
Әскери авариялық-құтқару қызметін мемлекетке қайтару керек - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров бастаған депутаттар тобы әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметін мемлекеттік меншікке қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар мұндай қадам қабылдау қажеттілігінің себептерін еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалда жазған.

Сенаторлар Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстардағы ауқымды өрттер қызметтердің төмен техникалық жабдықталуының өткір проблемаларын ашқанын атап өтті. Өрт сөндірушілер тілсіз жауға өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары шығарылған арнайы техникалармен қарсы тұрды.

Сонымен қатар, депутаттар елдегі қауіпті өндірістік нысандардағы апаттардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жалғыз мемлекеттік қызмет 2018 жылы жекеменшікке өткенін, оның баланстық құнынан екі есе төмен сомаға жекешелендірілгенін еске салды.

Олар аталған кәсіпорынға қатысты осыған дейін бес депутаттық сауал жолданғанын айта келе, осы кәсіпорынды жекешелендірген мемлекет мамандандырылған қызметтен айрылғанын атап өтті.

Сенаторлардың ақпаратына қарағанда, Президенттің тапсырмасы аясында Үкіметте экономиканы монополиясыздандыру, атап айтқанда бұрын негізсіз жекешелендірілген объектілерді мемлекеттік меншікке беру жөніндегі арнайы комиссия құрылды.

«Осыған байланысты аталған комиссияның таяудағы отырысында 1932 жылы құрылған алғашқы отандық авариялық-құтқару қызметтерінің құқықтық мирасқоры болып саналатын, яғни жекешелендірілген «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» мемлекеттік кәсіпорнын мемлекет меншігіне қайтару туралы мәселені қарауды сұраймыз», - деп атап өтті сенатор Сергей Ершов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar