Сенаторлар әскери-техникалық көмек туралы келісімді қарайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2021 жылғы 25 қарашада өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттың кезекті отырысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Заң жобасы бизнес пен азаматтарды қолдауды, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша салықты әкімшілендіру шараларын жақсартуды көздейді.

Сенаторлар алдағы отырыста сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын да қарайтын болды. Қазақстан бұл келісімдер аясында Қырғызстан мен Тәжікстанға әскери мүлік беру арқылы әскери-техникалық көмек көрсетеді. Ал көмек алушы тараптар өздеріне алған әскери мүлікті немесе оны қолдану құқығын үшінші тарапқа бермеу туралы міндеттеме алады.

Сенат отырысының күн тәртібіне әскери ынтымақтастыққа қатысты тағы бір заң жобасы шығарылады. Нақты айтқанда, депутаттар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да қарайды.

Бюро отырысында сондай-ақ Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенат комитеттеріне пысықтауға бөлініп берілді.


Соңғы жаңалықтар