Сенаторлар «Алтын адам» сүйегін жерлеу мәселесін көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір топ Сенат депутаттары «Алтын адам» сүйегін жер қойнына тапсыру ұсынысын енгізді. Осы орайда сенаторлар Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына тиісті депутаттық сауалды жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы депутаттық сауалға себеп болып тұрған Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық символдарының бірі -  «Алтын адам».  1970 жылы табылған жәдігер әлемдік тарихи маңызы бар құндылық ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне алынған болатын. Кезінде сақ ханзадасының алтын киімдері, өзге де алтындар мен тарихи құндылығы бар бұйымдары алынып, сүйегінің осы күнге дейін жер қойнына берілмей келе жатқандығы жұртшылықтың алаңдатушылығын тудыра бастағандай. Уақыт өткен сайын қаңқа сүйектің үгітіліп, бүлініп бара жатқандығын ескере отырып, «Алтын адамның» сүйегін жер қойнына тапсыратын кез келгендігін мамандар мен ғалымдар да, ел зиялылары да орынды көтеріп отыр деп санаймыз. Сондықтан алдағы уақытта «Алтын адамның»  сүйегін үкіметтік деңгейде бүкіл ел болып құрметтеп жер қойнына беруді жан-жақты ойластыру қажет», - деді сенатор Аңсар Мұсаханов.

Оның пайымынша, Қазақстанның киелі жерлері атты ауқымды жоба бойынша музейлендірілген қорған айналасын қазірден бастап абаттандырып, кешенді жұмыстар жүргізілсе  - болашақта аталмыш қорық еліміздің туристік әлеуетін көтеретін орындардың бірі болуы сөзсіз.

«Алтын адамның» сүйегін жер қойнына беру, Есік қорғанының әлеуетін әлемдік деңгейге көтеру сияқты өте ауқымды әрі маңызды істі бір ауданның немесе бір облыстың көлемінде шешу мүмкін емес. Осыған орай аталған мәселеге Үкімет деңгейінде назар аударылып, оң шешім қабылдануын сұраймыз», - деп түйді сенатор.

Соңғы жаңалықтар