Сенатор жайылым жер туралы мәселе көтерді: 21 млн гектар деградацияға ұшыраған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жер мәселесін ұлттық деңгейдегі маңызды жоба ретінде жүйелі түрде қарастырмаса жайылым мәселесі шешімін таппайды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайылымдық жер тапшылығы барлық облыстар бойынша орын алып отыр. Мәселен, Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында ауыл тұрғындары жайылымдардың жетіспеушілігінен зардап шегуде. Елді мекендерде малдың 80%-ға жуығы ауыл шегінде және оның айналасында жайылатындықтан, бұрын бөлінген шамамен 21 млн га жайылымдық жер деградацияға ұшыраған», - деді Сұлтан Дүйсембинов.

Сенатор жайылымның тапшылығын шешу үшін жайылымдарды ұзақ мерзімді басқару жөніндегі жоспарларды бекіту қажет екенін және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізу керек екенін айтты.

«Бүгінде ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманауи технологиялық процестерге тартылмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша жүргізілген жұмыстар дұрыс үйлестірілмегендіктен нәтижелі болмай отыр», - деді депутат.

Сенатордың айтуынша, қазіргі уақытта дамыған елдердің барлығы ауыл шаруашылығында кооперация тетігін табысты пайдалануда. Бұл ауылдық жерлерде еңбек өнімділігін арттыруға, қала халқын сапалы жəне арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыс орындарын ашуға зор септігін тигізеді.


Соңғы жаңалықтар