Сенатор жабайы жануарларды қорғауға қатысты ұсыныстар айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Автомагистральдар құрылысы кезінде жануарлар үшін арнайы табиғи жағдайға жақын көпір немесе жерасты өткелдерін салуымыз керек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында туристік қызмет мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде депутат Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаралып жатқан заң жобасына сәйкес басым туристік аумақтар ұлттық парктердің шегінде болуы мүмкін. Кезінде Елбасының тапсырмасымен құрылған ерекше қорғалатын аумақтардың басты міндеті - болашақ ұрпағымызға мұра ретінде табиғаттың болмысы мен биоалуантүрлілігін сақтау. Қазақстанда Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жануарлардың 40 түрі, құстардың 57 түрі мекендейді. Климаттың өзгеруі, қауіпті аурулар, антропогендік әсерлер олардың популяциясына кесірін тигізуде. Мәселен, 70-жылдары бізде шамамен 1 млн 300 мың киік басы болса, ал қазір олардың бар болғаны 334 мыңы ғана қалған. Оның үстіне киіктердің әлемдік популяциясының 90 пайызы қазақ жерінде мекендейтінін ескеруіміз қажет. Яғни, Қазақстанда бұл киіктің саны азайса, бүкіл әлемде азаяды дегенді білдіреді», - деді сенатор.
Оның айтуынша, қазір бізде 4255 құлан, 14650 қарақұйрық, 18460 арқар және 914 тоғай кербұғысы қалып отыр. Жабайы жануарлардың көптеген түрі (киіктер, құландар, қарақұйрықтар және т.б.) қоныс аударатын жануарлар түрлеріне жатады. Сондықтан да туристік қызметтің, атап айтсақ, шамадан тыс шу мен қозғалыстың, құрылыс нәтижесінде табиғи ландшафттардың өзгеруі және басқада жасанды факторлар жануарлар әлемінің тыныштығын бұзып, стресс тудырмауы аса маңызды.
«Мысалы, жабайы жануарлардың көшіп-қонуы кезінде жүріп өтетін жекелеген учаскелерде темір жолдарды, автомагистральдарды салу кезінде біз экодук деп аталатын арнайы табиғи жағдайға жақын көпір (эстакадалар) немесе жерасты өткелдерін салуымыз керек еді. Өкінішке қарай, ондай экодуктар еш жерде жасалмады, бұл жануарлар әлемінің экожүйесіне теріс әсерін тигізуде. Сондықтан ғалымдар мен эколог мамандардың қатысуымен ерекше қорғалатын аумақтарда туристік қызметті ұйымдастырудың ерекшеліктері бойынша арнайы заңға тәуелді құқықтық акт әзірлеуді ұсынамын», - деді А. Күрішбаев.
- Қазақстанның 3 қаласында ауа сапасы нашарлайды
- Алматыда медицина қызметкерлерінің құрметіне мамыргүл көшеттері отырғызылды
- Түркістан облысында карантин кезінде той жасаған 7 тойхана жабылды
- Ақтөбе облысында орман алқабына 2 миллион түп көшет егіледі
-
Жамбыл облысында заңсыз аң аулағандардан екі қару тәркіленді
-
Оралда дүкен мен ақша айырбастау пунктін тонағандар ұсталды
- Елбасы жолдауы
- Жолдау жүктеген міндеттер
- Қазақстан тарихы
- Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы
- Жаңа индустрияландыру
- Болашаққа 100 қадам