Сенатор ветеринарлардың негізгі проблемаларын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев жұмыс процесінің төмен деңгейде ұйымдастырылуы, еңбек етуге қарапайым жағдайдың жасалмауы, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, жалақының төмендігі ветеринар мамандардың қызмет етуге ынтасының азаюына әсер ететінін айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоғары және орта арнаулы оқу орындары жас мамандарға деген тұрақты сұранысты қанағаттандыра алмай келеді. Осы салаға жұмысқа келгендер еңбек әрі тұрмыс жағдайы болмауы салдарынан жұмыс орындарында аса көп аялдамайды. Назар аударатын болсақ, елімізде ветеринария бағыты бойынша мамандар даярлайтын 10 жоғары оқу орнында соңғы үш жылда 3602 адам білім алған. Оның ішінде үш бейінді ЖОО-да 2018 жылы 712, ал 2020 жылы 826 адам оқу бітірген», - деп тоқталды сенатор.

Осы орайда ол ветеринария бойынша түлектердің жұмысқа орналасуы 2018 жылы 79 пайыз болса, 2020 жылы 50 пайызды құрағанын айтты.

«Болашақ» бағдарламасымен осы салада 12 адам ғана шет елдерде оқыған. Олардың кейбірі мамандық бойынша жұмысқа орналаспаған.

Депутат келтірген ақпаратқа сай, ветеринарлық стансалардың көпшілігі мамандардың жеке үйінде, жалға алынған ғимараттарда орналасқан.

Осы саладағы мамандардың орта жасы 50-55, кейде тіпті 59 жасқа жетіп қалған.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасында қойылған мақсаттарды іске асыру шаралары ешқандай сын көтермейді. Соңғы 5 жылда осы бағдарлама аясында 1875 жас маман жұмысқа орналасқан», – деді Мұхтар Жұмағазиев.

Сенатор өз сауалында агроөнеркәсіптік кешен үшін кадр даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша құзыретті Білім және ғылым министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажеттігіне назар аударды. Осы мамандық бойынша ауыл жастары үшін гранттар санын арттырып, ветеринарлардың жалақысын өсіру, олардың материалдық-техникалық жабдықтарын жетілдіру мәселелерінің өзектілігін де атап өтті.


Соңғы жаңалықтар