Сенатор: Утиль алымы фермерлерге және бүкіл ауыл шаруашылығына зиян келтіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдап, кәдеге жарату жинағы алымына қатысты бірқатар проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол сауалында депутаттардың өңірлерге сапары кезінде сенаторларға кәдеге жарату алымының жоғары мөлшеріне байланысты азаматтардан бірнеше рет шағым түскенін атап өтті.

Сенатор жеңіл көліктердің кәдеге жарату алымының мөлшері 400 мың теңгеден 3,5 млн теңгеге дейін, ал жүк көлігі мен ауыл шаруашылығы техникасына 14 млн теңгеге жететінін айтты.

Бұл шетелден импортталатын, сондай-ақ Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының айтарлықтай қымбаттауына алып келді.

«Кәдеге жарату алымы іс жүзінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қосымша салыққа айналды. Техниканы әкелу кезінде фермерге техника құнының 25-30 пайызына тең сомада бастапқы жарнаны және кәдеге жарату алымын төлеуге тура келеді. Мәселен, тракторлар бойынша орташа алым мөлшерлемесі 11 млн теңгеге дейін, ал комбайндар бойынша әр данасына 22 млн теңгеге дейін жетеді, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі болып отыр», - деді Жұмағазиев.

Фермерлерге өзекті болып отырған тағы бір мәселе – ескі техниканы кәдеге жарату үшін жеңілдік сертификатының мөлшері.

Сенатор комбайнды кәдеге жарату алымы 75-80 млн теңге бағасымен 9 млн теңгені құрайтынын, ал жеңілдік сертификатының мөлшері тек 2 млн теңгені немесе техника құнының 2,5 пайызын құрайтынын айтты.

Осыған байланысты Мұхтар Жұмағазиев жеңілдік сертификатының көлемін ұлғайтуды ұсынды.

«Ауыл шаруашылығының техникасы 80 пайызға дейін тозған жағдайда кәдеге жарату алымының қолданыстағы нормалары отандық фермерлерге және жалпы ауыл шаруашылығына елеулі залал келтіретіні анық. Нәтижесінде азық-түлік өнімдері мен оларды өндіруге технологиялық қатысы бар тауарлар мен қызметтерге баға өсіп барады», - деп атап өтті ол.

Сенатор қалыптасқан жағдайға байланысты қазақстандықтар іс жүзінде сапалы, заманауи автомобильдер мен өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізу мүмкіндігінен айырылды деп санайды.

Депутат Үкімет басшысына кәдеге жарату алымының мөлшерін төмендету, баламасының болмауын ескере отырып экологиялық импорттық ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымын алып тастау, жүк көлігі мен ауыл шаруашылығы техникасы үшін кедендік баждарға уақытша мораторий енгізу мәселелерін қарауды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар