Сенатор толық емес отбасы санатындағыларға баспана беру мәселесін көтерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шайдаров толық емес отбасы санатындағыларға баспана беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарын айқындау жөніндегі тәсілдерді қайта қарау керек. Жақында ғана «толық емес отбасылар» санатын «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығаруға қатысты бастама қоғамдық резонанс тудырды. Бұл бағдарламада баспана алуға жеңілдікпен жылдық 2 пайызбен несие берудің мүмкіндігі жасалған. Мұндай шешім бірнеше себепке байланысты қабылданды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының пікірінше, мемлекеттен қолдау алу мақсатында 2019-2020 жылдары жалған ажырасулардың екі есе ұлғаюы тіркелген. Мүмкін, бұл жерде шындық бар шығар. Алайда, бүгінде 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж екенін түсіну керек, оның 60 пайызы — күнкөріс деңгейінен төмен табысы барлар», - деді С. Шайдаров Сенаттағы Үкімет сағатында.

Осы орайда ол мұндай отбасылардың көпшілігі үшін жылдық 5 пайызбен несиеге тұрғын үй алу өте ауыр болатынын айтты.

«Сондықтан уәкілетті мемлекеттік органдар осы мәселені жан-жақты зерделеп, нақты мұқтаж толық емес отбасылар үшін жылдық 2 пайызбен баспана алу тетігін, соның ішінде халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларға өзгерістер енгізуді айқындауы қажет деп санаймын», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар