Сенатор: Табысы төмен тұрғындардың жағдайын жақсарту – бүгінгі күннің басты міндеті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік жағдайы нашарлап кеткен тұрғындардың жағдайын жақсарту – бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр. Бұл туралы сенатор Динар Нөкетаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жұмыс орындары көптеп ашылса халықтың жағдайы жақсарады.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жаңадан жасақталған Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық жоспарының қорытындылары талқыланды. Жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, барлық мәселе жан-жақты қаралды. Президент Үкіметтің қорытынды есебі бойынша көптеген тапсырма берді. Әлеуметтік ахуал мен халықтың әлеуметтік мәселесі, халықтың табысына байланысты бірқатар міндеттер алға қойылды.

Оның ішінде халықтың табысындағы теңсіздіктерге байланысты айтқан мәселелері өте орынды екені ақиқат. Біздің елімізде 1 миллионнан астам адамның табысы жаңағы кедейшілік деңгейінен төмен болып шықты. Жергілікті әкімдерге алдағы уақытта жұмыс орнын ашып, халыққа жағдай жасау, микро, кіші және орта бизнес ашуға тапсырма берілді. Оның ішінде 10 мың адамға жылына 100 жұмыс орнын ашу тапсырмасы да маңызды болып отыр», - деді Д. Нөкетаева.

Оның айтуынша, орта және шағын бизнесті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын, табысын арттыру, теңгерімсіздікті азайту мәселесі шешілуі тиіс.

«Сондықтан да мұны шын мәнінде де құптаймыз. Кейінгі он жылдың ішінде әлеуметтік жағдайы нашарлап кеткен тұрғындардың хал-ахуалын жақсарту – бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар